Шымкентте кәсіпкерлік мақсатқа берілген 2 гектар жер кері қайтарылған

92

 

Жыл басынан бері Шымкентте кәсіпкерлік мақсатқа берілген 2 гектар жер кері қайтарылған. Себебі, кәсіпорындарға тиесілі алаңшаларды иемденіп алғандар ешқандай іс бастамаған.

Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы осылай дейді. Бүгін салаға жауаптылар БАҚ өкілдеріне пандемия жағдайына қарамастан қызу жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды таныстырды.

Бұл «Тассай» индустриалды аймағындағы плиталар мен жиһаз өндіретін кәсіпорын. Мұнда бүгінде 60 шақты еңбеккер жұмыс істейді. Алматы, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалалары мен алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалдайды. Кәсіпкерлер төтенше жағдай кезінде өндіріс орнының бір күн де дамыл таппағанын айтады. Себебі, отандық өнімдерге сұраныс көбейе түскен. Құрылысы қыз-қыз қайнаған Түркістан қаласындағы мердігер компаниялар отандық тауарларға көптен тапсырыс беріпті.

Әдетте, 2 ауысыммен еңбек еткен серіктестік жұмыскерлері төтенше жағдай жариялған тұста тағы бір ауысымды қосып алған. Дегенмен, шикізатты шетелдерден алдыртатын бизнес өкілдері шекаралар жабық болғандықтан өндіріске қажетті құрал-жабдықтан тапшылық көргендерін жасырмайды.

Разия АЛТАЕВА, кәсіпорынның атқарушы директоры: «Төтенше жағдайдың қиынға соқтырғанын жасырмаймыз. Шекаралар жабық болды. Біз шикізаттарды Ресей, Корея елдерінен алдыртамыз. Құрал-жабдықтарымыз дер кезінде жетпей, өндіріске өзінің әсерін тигізді. Мынау тұрған Алматының өзінен тауарларды алдырта алмай қалдық».

Ал мұнда энергия ресурстарын басқаратын генераторлар өндіріледі. 30 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын да жұмыссыз режимнің салқынын сезіпті. Еңбеккерлер блок бекеттерден уақытылы өте алмай, өндіріс барысына кедергі келтірген. Онсыз да кадр тапшылығын сезініп отырған зауыт иелері карантин кезінде тіпті қиналғандарын жасырмады.

Бекбол Жакешбаев, жеке кәсіпкер: «Бізге машина жасау өндірісіне қажетті көп мамандықтар керек. Осы мамандықтарды бітірген жастар келсе, біз өзіміз үйретіп алар едік. Кадр мәселесін қазір біз өзіміз оқыту арқылы шешіп жатырмыз».

Осылайша, кәсіпкерлер бүгінде кадр тапшылығын өздерінде оқыту шараларын жүргізу арқылы шешіп отыр. Айта кетейік, қазір индустриалды аймақта 30 — дан астам кәсіпорын іске қосылған. Қазір соның тең жартысы жұмыс істеп тұр. Салаға жауаптылар жыл басынан бері кәсіпкерлікке тиесілі бос жатқан 2 гектар жерді қайтарып алған.

Береке Дүйсебеков, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы: «Жыл басынан бері мұндағы кәсіпкерлер қала бюджетіне 1 жарым млрд теңге салық төледі. Бос жатқан игерілмеген жер телімдері жобаларға бөліп бердік…

Айта кетейік, жуырда үшінші мегаполисте «Жұлдыз» деген атаумен тағы бір индустриалды аймақ салынады. Онда бүгінде сұранысқа ие фармацевтика, жиһаз, машина жасау өндіріс қолға алынатын болады. Жыл соңына дейін 20 шақты жоба іске асырылып, мыңнан астам тұрғын екі қолға бір күрек табады дейді салаға жауаптылар.

Мақпал РЫСБАЕВА