Ішкі істер қызметкерлерінің сыйақысы үшін бюджеттен 11 млрд. теңге бөлінбек

171

Қазақстанның биылғы бюджет кірісі 185 млрд. теңгеге ұлғайып, шығысы 205 млрд. теңгеге өсті. Осылай деген елдің Қаржы министрі мәжіліс депутаттарының алдында сөз алды.

Ерұлан Жамаубаев ел жағдайын дұрыстау бағытында жұмыс атқарып жатқанын айтады. Сөзінше, ел бюджеті қатерлі індеттің екінші толқынына қамданылып қойған.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі: «Бірінші, карантин шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы соммасы 143 млрд. теңгеге қосымша ақы төлеу. Екінші, мед көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ковид-19-дың таралмауы мақсатында мед қызметкерлерге ақы төлеуге 83 млрд. теңге қарастырылған. Үшінші, ішкі істер органдарына 11 млрд. теңге жұмсалады».

Министрлер баяндамасы мінсіз болғанымен, жіберілген қателіктер де ұмыт қалған жоқ. Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов мұғалімдердің айлығы көтерілгенімен, спорт ұстаздарының жалақысы өзгеріссіз қалғанын айтты. Сөзінше, ол үшін бөлінген 5 млрд. 86 млн теңге әлі күнге дейін егелерін таппай жүр.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министр орынбасары: «Мәдениет және спорт министрлігінің олқылықтарына байланысты бюджеттен тыс қалып қойғанын мойындау керек. Бүгін бұл мәселені нақты шешу жолдары көрсетіліп отыр. 5 млрд. 86 млн. теңге қарастырылып отыр. Шешу жолдары нақтыланды. Қолдау табатын болса, қысқа уақыт ішінде Үкімет төленбеген ақша қалпына келтіреді».

Бұдан бөлек, биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтерлер саны да 60 пайызға артпақ. Осылай деген Асқар Мамин өткен жылы табысталған қолжетімді баспаналар саны 25 мың болғанын айтады. Ал, биыл бұл көрсеткіш 40 мыңға көбейген. Үкімет басшысы 2020 жылы қала халқының ғана емес, ауыл тұрғындарының да жағдайы жақсарады деп отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қалаға жақын орналасқан, инфрақұрылымы жолға қойылған ауылдарды модернизациялау жоспарланып отыр. Қазақстан бойынша ондай ауылдар саны 3500 екен. Аталмыш ауылдарда денсаулық, білім беру сынды барлық саланы қаладағыдай етпекпіз».

Үкімет мүшелері жағдайдың түзелетінін айтып ауыз жия бергенде, депутат Қуаныш Сұлтанов мұндай уәденің 90 -шы жылдан бері қайталанып келе жатқанын жеткізді. Алайда, 3 ауысымды мектеп, ауыз су мәселесі сол күйі шешілмеді дейді шенеунік. «Есесіне, мемлекет қаржысы мен өз қалтасын шатастыратындар азаймай тұр» деп түйіндеді мәжіліс депутаты.

         Назерке Үкібасова