Түркістан облысындағы бастауыш сыныпқа дейінгі білім беру мекеме қызметкерлеріне айлық толық төленбей жатыр. Осылай деген Сенат депутаты бүгін ведомства басшыларын тығырыққа тіреді. Сенатор Әли Бектаевтың сөзінше, өңірге берілуі тиіс 12 млрд. теңге жетпей қалған. Кесірінен енді бұл қаржы аймақ бюджетінен қаралмақ.

Сенаттың кезекті отырысында атқамінерлер Ұлттық қордан бөлінетін қаржы трансфертін талқылады. Алдымен сөз алған Экономика министрі Руслан Дәленов өткен жылы трансферттің 1 трлн. теңгеге жуық артқанын айтады. Бірақ, экономиканың биылғы халі жыл басында жоспарлағандай емес.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР Экономика министрі: «Экономиканың нақты сектар салалары бойынша өсу болжамы жақсарды. Құрылыс 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,9, өңдеу өнеркәсібі 3,7 пайызға өсуі болжануда. Шектеу шаралары салдарынан қызметтік секторларының өсуі төмендетілді. Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады».

Десе де Экономика министрі оптимистік позициясынан танбай тұр. Сөзінше республика экономикасы келесі жылы-ақ аяқтан тұрып кетеді. Дәленов Қазақстанның ішкі өнімі 2021 жылы 4 пайызға артатынын айтады. Алайда, елдің бас экономистінің бұл сөзін Сенат депутаты сынға алды. Айта кетейік, әлем елдері биылғы дағдарысты тек 5 жылдан кейін еңсеретінін айтып дабыл қағуда.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жыл қажет деп атап өткен. Бірақ министрлік бұған қарамастан келесі жылдан бастап әлеуметтік экономикалық даму болжамдарына сәйкес ішкі өнімнің өсімі 4 пайыздан жоғары болады деп жоспарлап отыр».

Қаржылық тапшылықты Түркістан облысындағы тәлімгерлер сезіп үлгерген. Бұл туралы Сенат депутаты Әли Бектаев мәлімдеді. Халық қалаулысының айтуынша, биыл мұндағы психолог пен тәрбиешілерге уәде етілген жалақы сол күйі берілмеген. Ал, ол 12 млрд. теңге.

Аталған қаржы министрліктен келмеген соң, енді Түркістан облысы аймақ бюджетінен 7,4 млрд. теңге бөлмек.

Назерке Үкібасова