Түркістан: Жылыту маусымында улану жағдайы азайған

283

Түркістан облысы құрылғалы бері жылыту маусымы кезінде болатын қайғылы жағдайлардың саны азаюда. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.

2019-2020 жылғы маусымда 7 апатты оқиға орын алып, 5 адам уланып қайтыс болған. Аталған көрсеткіш алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бес есеге аз.

Нұрғали Жүнісов, Түркістан облыстық ТЖД бастығы:  «Қайғылы жағдайлардың алдын алу жұмыстарын тамыз айынан бастап кеттік. Үгіт-насихат жұмыстарын әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жүргіземіз. Бірінші кезекте көп балалы отбасылар, жалғыз басты қарттардың үйлеріне барып түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда аталған топтарды екінші рет қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Үгіт-насихат жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардан 159 қызметкер, сонымен қатар волонтерлік ұйымдардан 163 ерікті қатысқан. Бүгінгі таңға дейін облыс көлемінде 26 мыңға жуық үй араланса, олардың ішінен 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталған.

Назерке Үкібасова