Енді қазақстандық қариялар ипотекаға үй ала алады

196

Енді қазақстандық қариялар ипотекаға үй ала алады. Ол үшін 65 жастан асқан зейнеткерлер «5-10-20» бағдарламасына қатысуы қажет. Және бұрыннан бері үй кезегінде тұруға міндетті. Үйлі болғысы келген қарияларға қойылған міндет мұнымен бітпейді. Олармен бірге екі бірдей қосалқы қарыз алушы болуы қажет.

Бірер күн бұрын елдегі «5-10-20» бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Енді қазақстандық қариялар «Тұрғынүйжинаққұрылыс» банкіне өтініш тастап, үйлі бола алады. Мұндай мүмкіндікке ие болу үшін қарияларға бірнеше міндет қойылған.

Жансұлтан МАТАЕВ, ТҮҚЖБ орталық филиланың директоры: «Несилендіруге бірнеше өзгеріс енгізілді. Енді үй кезегінде тұрған 65 жастағы зейнеткерлерге ипотекаға үй алуға мүмкіндік туды. Ол үшін олардың қосалқы екі қарыз алушысы болуы қажет. Тиісінше олар жұмыссыз болмауы керек».

Үй алам деп армандаған зейнеткерлерге қойылатын талап мұнымен бітпейді. Қосалқы қарыз алушы мен зейнеткер кірісі айына 101 мың 270 теңгеден әрі аспау керек. Айта кетейік, Қазақстандағы зейнетақының ең аз мөлшері 40 мың теңге болса, жалақының ең төменгі мөлшері 42 мың 500 теңге.

Жансұлтан МАТАЕВ, ТҮҚЖБ орталық филиланың директоры: «Мәселен, 65 жастан асқан анасы мен оның ұлы мен қызының табысы 101 мың 270 теңгеден әрі аспау керек. Сонда ғана зейнеткердің үй алуға мүмкіндігі болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде 530 мың азамат үй кезегінде тұр».

Жоспар бойынша Қазақстанда биыл 150 мың отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болуы қажет. Ал, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тағы да 30 мың қазақстандыққа үй беру алға қойылып отыр.

Назерке Үкібасова