Қаратау ауданы: Жетістік көп, проблема да аз емес

190

Шенеуніктердің атқарылған жұмыстары туралы есеп беруі жалғасуда.

Бұл жолы Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімі өз баяндамасында жетістіктерден гөрі аудандағы проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, 24 елдімекендегі 247 мыңнан астам халықтың 26,2 пайызы осы күнге дейін табиғи газбен қамтылмаған. Ауыз су мәселесі де қала құрамына енгізілген ауылдарда әлі де шешімін таппаған.
Абзал ӘЛІҚҰЛОВ, Қаратау ауданының әкімі: «Асар-2″ шағынаудандарына ауыз су жүйесінің құрылысы биыл мамырда бастауын алды. Нысан өтпелі, пайдалануға келер жылы қазанда беріледі. Жалпы аудандағы  6 елдімекенде орталықтандырылған  су жүйесі жоқ.  Асар-2, Бозарық, Қайнарбұлақ, Испиджаб, Сайрам тұрғын алабтарын ауыз  сумен қамту  алдағы 2020-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарға енгізілген».

Ауыз су тапшылығын шешу мақсатында Көмешбұлақ су жинақтаушысынан «Тұран» шағынауданы айналма жолынан 5 шақырымды құрайтын су жүйесінің құрылысы ағымдағы жылдың ортасында бастауын алып, келер жылы қарашада аяқталады деп жоспарлануда.

Аудандағы өзекті мәселелердің тағы бірі — кәріз жүйесі. Аудан басшысы бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешілетінін алға тартты. Есесіне, биыл көп жылдар бойы қордаланып келген «Таскен» тұрғын алабын электр энергиясымен қамту жұмысы толығымен шешімін тапты.

Шынар Оразова