Соңғы күндері Шымкентте 300-ден астам үй құсы өлген. Осылай деп дабыл қаққан қала тұрғындары өліп жатқан тауықтардың ауру белгісі де әр түрлі екенін айтады.
Мәселен, кей құстардың тамағы ісінсе, кейбірінің тәбеті құрыған. Ал қалғандарының көзі қарауытып, аузынан сұйықтық ағыпты. Қаланың ауыл шаруашылық басқармасы болса, мұның құс тұмауына қатысы жоқ деп отыр.
Шымкент қаласының тұрғыны Еркін Мұсаев өз үйінің ауласында тауық, үндік пен жылқы өсіреді. Сөзінше осыдан бір апта бұрын ғана меншігінде 60-қа жуық үй құсы болған. Алайда, аяқ асты келген ауру оның құстарын қырып салған. Бірінен соң бірі өлген 60 тауықтың бүгін екеуі ғана тірі қалыпты.
Еркін өзінің ғана емес, көршілерінің де тауықтары өліп жатқанын айтады. Қырылып жатқан құстардың басым бөлігі балапан деген ол белгісіз аурудың үлкен тауықтарды айналып өткеніне аң-таң.
Еске сала кетейік, құстардың жаппай қырылуы алғаш рет Қазақстанның 7 облысында тіркелген еді. Нәтижесінде 26 мың бас үй құсы мен фабрикадағы 840 мың бас тауық өлгені белгілі болды. Ал, Шымкент қаласында осы уақытқа дейін 342 тұмсықтының өлімі тіркелген. Ауыл шаруашылығы басқармасы оның 20-сына сараптама жасапты.
Манарбек ЕРЖІГІТОВ, Шымкент қаласы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы: «Зерттеудің барлығы теріс нәтиже берді. Дәл қазіргі сәтте қалада құс тұмауы тіркелмеген. Бірақ, тұмсықтыларға қатысты өзге аурулардың барын жоққа шығармаймыз. Олар ларинготрахеит, ринотрахеит сынды індеттер».
Мамандар сөзінше ветеренарлар қазір құс тұмауының алдын алу үшін қажетті шараларға кіріскен. Ол үшін 201 мың 903 вакцина бөлінген.
Назерке Үкібасова