Шымкент қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шаттыққа кенелді. Сайрам тұрғын алабында орналасқан № 4 балалар үйінде «Ғажайыпқа толы – Жаңа жыл» қайырымдылық іс-шарасы өтті.

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шырша тойына қатысып, балалардың қуанышына ортақ болды. Шымкент қаласы Білім басқармасының № 4 балалар үйінде бүгінде 80 бала тәрбиеленеді.

Қала әкімі ұстаздар мен жас жеткіншектерді мерекемен құттықтады.

– Сіздердің үздік оқуларыңыз бен өнегелі тәртіптеріңіз еліміздің дамуына қосқан үлестерің деп білемін. Сіздер болашақта Қазақстанның тізгінін берік ұстап, елімізді одан әрі асқақтатады деп сенемін. Мәңгілік ел болу – ол Тәуелсіздігімізді сақтап, бекемдей түсу, мемлекеттігіміздің болашағын баянды ету деген сөз. Бұл үшін ел ертеңі – Cіздерге терең білім алып, жан-жақты дамуға ұмтылу қажет. Келе жатқан Жаңа жыл ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен тілек-ниеттеріңіздің орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін, – деді қала әкімі құттықтау сөзінде.

Іс-шарада балалар өз өнерлерін көрсетіп, тілектерін жеткізді. Айта кетсек, 2013 жылдан бері балалар үйіне Нұрсәуле Тастыбаева басшылық етеді. 1957 жылы құрылған мекеме 2014 жылы Шымкент қаласы № 4 балалар үйі мекемесі болып қайта тіркелді.