Шымкентте алдағы бес жылда 5 миллионнан астам ағаш көшеттері егіледі

373

Шымкент қаласы әкімімен бекітілген іс-шараға сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында қала аумағында 5,46 млн. түп ағаш көшеттер егіледі. Жалпы аумағы 16 979 га жер болса, отырғызылатын ағаш түрі – қара ағаш.

Бұл жөнінде экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланған жиында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Татыбаев мәлім етті.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бес жыл ішінде орман алқабында 2 мил¬лиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасы негізінде жүзеге асырылмақ.

«Алдағы жылдары көшеттер санын 5, 46 млн данаға және қаланың жасыл аймағын 13 000 га ұлғайту жоспарланғандықтан, Шымкент қаласының жасыл белдеуін ұлғайту мақсатында 2021 жылдың көктем-күз айларында 396 га және 2653 га жер учаскелеріне жалпы саны 2 345 500 дана қара ағаш көшеттері отырғызылатын болады. Ірі қалалардағы жалпыға ортақ жасыл алаңдардың мөлшері бір адамға 24 м² құрайды. Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қаладағы жалпы жасыл алаңдар 1 адамға 1,3 м2 құраған. Алматы қаласының көгалдандыру Концепциясы бойынша 1 адамға жасыл алаңдардың мөлшері 13 м² (10 ағаш) болып бекітілген. Біз жоғары аталған көрсеткішке жету үшін қала аумағында кемінде 6,0 млн.дана ағаш көшеттері егілуі қажет», — деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған қала әкімінің орынбасары Е.Білісбеков егілетін ағаш көшеттері бойынша өз ойын жеткізді.

«Қалада ағаштардың көптеп отырғызылғаны адамды қуантады. Дегенмен, оның көбі декоративті ағаштар. Халыққа экологиялық тиімділігі бар, ауаны тазартатын саялы ағаштар керек. Шымкентте жазғы шілдеде 50 градусқа дейін ыстық болады. Сондай кезде қала халқына көлеңке бермесе декоративті ағаштар тиімсіз. Біздің басты міндетіміз тұрғындарға экологиялық жағдай жасау үшін саялы ағаштар, оның ішінде емен ағашын көбірек егуіміз қажет», -деді әкім орынбасары.

Бүгінде Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты 976 га жер учаскесінде 260 мың дана, 11 га шатқалда 7,8 мың дана ағаштар өсіп тұр. Қала аумағындағы Түркістан облысына қарасты 3578 га жерде 3,326 млн. түп ағаштар егілген. Жалпы 4565 га жер учаскелерінде 3,6 млн.түп ағаштар өсіп тұр.