Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықтар 4 айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтылған

238

 

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Осыған орай, қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков мүгедек жандарға емдік және оңалту шаралары көрсетілетін бірқатар мекемелерді аралады.
Шымкент қаласындағы №6 балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінде 143 мүмкіндігі шектеулі балаға ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр.

Мұнда жыл сайын емделушілер саны азаюда. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын 200-ден астам балаға қызмет көрсетілетін.

Бұл туралы мамандар қала әкімінің орынбасарына мекемелерді аралау барысында баяндады.

Аталмыш орталық – арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж психоневрологиялық ауытқулары бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға стационар және жартылай стационар жағдайында емдік шараларын көрсету мен қоғамдық ортаға қалыптастыру бағытында оңалту шараларын жүргізеді. Мекеменің медициналық кабинеттері заманауи аппараттармен жабдықталған. Дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлерінен бөлек әрбір топта педагог-психолог жұмыс жасайды. Онымен қоса коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жұмыстары күшейтілген. Балаларға қажетті дәрі-дәрмектің 4 айлық қорымен қамтылған.

– Бұл балалардың жүгі ауыр. Ең бастысы оларға барлық жағдайды жасап, мұқтаждық көрмеулері үшін жұмыс жасауымыз қажет. Алдағы уақытта жөндеу немесе құрылыс жұмыстары кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық жағдайлары ескерілуі үшін дәрігерлер мен басқа да мамандардың кеңесімен жүргізу қажет, -деді қала әкімінің орынбасары.

Ерғали Білісбеков мұнан соң №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Орталықта бүгінде 240 азамат бар. Мұнда тұрақтаушыларға 5 мезгіл тамақ, апта сайын моншада жуыну мен емдік шаралары үзілмейді. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы бір жарым есеге көбейгелі отыр.

Ал, «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ-нің қосымша ғимаратының жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Мекемеде бүгінде сал ауруына және жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан 80-ге жуық бала ем қабылдайды. Олардың басым бөлігі қол арбасына таңылған. Дәрігер мамандар мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік шараларын жүргізеді. Сондай-ақ, биыл келушілердің ыңғайлылығы үшін жабық пандус салынған.

Қала әкімінің орынбасары әрбір орталықтың жұмысымен танысып, кемшілік тұстарын реттеу мақсатында сала басшыларына тапсырма берді.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі