Шымкентте жаңа жылға арналған мерекелік отшашу мен концерттік іс-шаралар өткізілмейді

349

Шымкентте жаңа жылға арналған мерекелік отшашу мен концерттік іс-шаралар өткізілмейді. Десе де қаланың көркін түрлі безендірулер ашып, үшінші мегаполистің жақында қойылған басты шыршасының шамы сөндірілмейді.

Биыл дәл осындай мерекелік концерттерді тамашалай алмайсыз. Карантиндік шектеуге байланысты тұрғындар жаңа жылдық қойылымдарды тек көгілдір жәшік арқылы ғана көреді. Себебі жаңа жылды әркім өз шаңырағында қарсы алмақ.

Биыл қалада тіпті мерекелік отшашуға да тыйым салынып отыр. «Дәл осындай шешім еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері болмаған»,- дейді Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының директор орынбасары.

Марат Оразметов, Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымы директорының орынбасары: «Биылғы әлемді жайлаған індетке байланысты бұл бірінші рет болып тұр. Сондықтан да бұрын-соңды жаңа жылдық кеште концерттік бағдарлама жүріп тұратын дәстүрлі түрде. Биыл ғана енді қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, қауіпсіздендіру мақсатында өздеріңіз естіп жатқандай биыл тоқтатылды. Бірақ соған қарамастан биыл алаңдарда шыршалар тұрғызылған, шыршалар орнатылып безендірген. Шымкенттіктер немесе қала қонақтары барып сол жерге серуендесе, суретттерге түссе болады».

Ал Шымкенттің кей тұрғындары отшашу сатып алғандарға қарсы шығып отыр. Олар әлеуметтік желіде «Салют алма, сауап ал!» акциясын бастап, ақшаны аспанға шашпай, қайырымдылыққа жұмсайық деп үндеу жасады.

Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы мен ведомствоаралық шешіміне сәйкес биыл жаңа жылды тойлаудың барлық түрлеріне шектеу қойылды. Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын дәстүрлі отшашуды тамашалай алмаса да, өз аулаларында салют атуға рұқсат берілген шымкенттік тұрғындардың бұл үндеуге қатысты ойлары әртүрлі.

Соңғы екі жылда қалада пиротехникалық құрылғылардан зардап шеккен адамдар тіркелмеген. Десе де мамандар бұл заттардың адам өмірі үшін зияндығын түсіндіріп өтті. Құр шығындалудан бөлек түрлі отшашулардың салдары өртке ұласуы мүмкін дейді. Төтеншеліктер шымкенттіктерге отшашуларды қалай дұрыс қолдану керектігін түсіндірді.

Бауыржан ІЗБАСАРОВ, Шымкент қалалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Шымкент қаласының тұрғындарына ескерткім келіп отыр: Қазіргі таңда жаңа жыл қарсаңында барлықтары пиротехникалық құрылғыларды сатып алады, пайдаланады. Сондықтан ескертулерді айтып кетсем, біріншіден пиротехникалық бұйымдарды сатып алған кезде бірінші кезде рұқсат қағаздарын тексеру керек. Ол бұйымдардың арнайы сертификаты болу керек. Қауіпсіздік сертификаты, сапасы жағынан сертификат. Сол құжаттарға өте мұқият болыңыздар.
Сонымен қатар пайдаланған кезде бөлмелердің, квартира, балкондардың ішінде пайдалануға болмайды. Өте қатаң тыйым салынады. Жазатайым оқиғаларға алып келуі мүмкін. Қолдары, беттері күюі мүмкін. Жарылмаған жағдайда қайтадан қарауға болмайды. Адамға қарай атуға болмайды. Ашық алаңда тек қана, және айналасында жанғыш заттар болмауы керек».

Айта кетейік, Шымкенттің бас шыршасы Әкімшілік-іскерлік орталығындағы алаңға орнатылды. Биіктігі – 25 метр. Бұл шыршадан бөлек қаланың 13 жерінде безендіру кермелері мен 129 сәулеттік пішіндер орнатылған. Бұл үшін қала бюджетінен 38 млн. теңге бөлінген.

Нұрлан Сұлтанбек