Жетісай, Мақтаарал: Құрылыс жұмыстары жалғасуда

330

Биыл Жетісай ауданының 81 пайызы көгілдір отынмен қамтылды. Бұл туралы облыс әкімі аймаққа барған арнайы сапарында айтты. Және аудандағы инфрақұрылым жетістігінің мұнымен бітпейтінін жеткізді. Жауаптылардың айтуынша, келер жылы Жетісай қаласында көпқабатты 6 үй тұрғындар игілігіне тапсырылады.

Мақтаарал ауданында құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жаңадан бой көтерген Мырзакент шағынауданында қазір мектеп, балабақша және емхана салынуда. Мамандардың сөзінше, құрылыс келесі жылдың жазында аяқталады. Алайда, кілті екі ай бұрын тапсырылған мұндағы кей үйлерден кемшілік табыла бастаған.

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: «Әрине үлкен ауыл болғаннан кейін, үлкен құрылысы болғанннан кейін кейбір жерінде кемшіліктер бар. Өткенде жауын кезінде кей үйлердің шатырынан су аққан дейді. Одан кейін ішінде қойған жылу қазандықтары қалай пайдалануды білмей, оқыс шығып жатқандар бар. Оның бәрі түзелетін нәрсе».

Бұдан бөлек, атқамінерлер құрылыстың Жетісай ауданында да қызып тұрғанын айтады. Келер жылы қалада бой көтеріп жатқан көпқабатты 6 үй пайданалануға берілмек. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан баспана 500 отбасыға арналған. Ол үшін бюджеттен 551 млн. теңге бөлініпті.

Облыс әкімі ауданда инфрақұрылым жүйесінің де жолға қойылып келе жатқанын айтады. Биылдың өзінде аумақтың көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 81 пайызға жеткен.

Осымен қатар аймақ басшысы жыл ішінде Жетісай ауданындағы 16 елдімекеннің электр желісі жаңартылғанын айтады. Ол үшін бюджеттен 320 млн. теңге жұмсалған. Ал келер жылы 7 ауылдағы ауыз су жүйесі қалпына келтірілмек. Олар Жамбыл, Мақталы, Жылысу, Мырзашоқы, Байқоныс, Баққоныс және Әл-фараби елдімекендері.

Назерке Үкібасова