Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар көшін тракторшылар мен шаштараздар бастап тұр. Бұл туралы еліміздің Еңбек министрлігі мәлімдеді.
Ведомство ақпаратына сәйкес күзетшілер, тәрбиешілер мен мұғалімдерге де сұраныс артқан. Ал, Шымкент қаласындағы тапшы мамандықтар тізімі қандай?
2021 жылы Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар тізімі жарияланды. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие болуы мүмкін мамандардықтар қатарына тракторшылар мен шаштараздарды қосып отыр. Бұл тізімде мұғалімдер мен тәрбиешілер де бар.
«Шымкентте жұмысқа тұру қиын. Таныс керек. Сұранысқа ие мамандықтар программист мамандықтары. Мен өзім де програмистпін. ІТ мамандығым. Сұранысқа ие. Сол мамандықта оқып жатырмын», дейді жастардың бірі.
Блиц-интервью:
«Инженерлер сұранысқа ие. Қызмет көрсету бағытына барып жатыр көбісі. Ол жақта ақша көп өйткені»
«Қазір онлайн ғой барлығы. Таргетолог, СММ мамандығы сұранысқа ие. Қай жақта болса да»
«Шымкент қаласында оңай ғой жұмысқа тұру. Басқа қалалармен салыстырғанда бізде жұмыс көп істейтін адамға. Бізде сұраныс шаштаразға жоғары. Мұғалімдікке барып жатыр көбісі. Бос вакансия болса, мұғалімдікке тұрып жатыр»
Шымкент тұрғыны Анна Морозованың шаштараз болып еңбек етіп жүргеніне 40 жыл. Осы уақыттан бері талай сән салонында жұмыс істеген ол соңғы жылдары бәсекелестіктің артқанын айтады. Сөзінше, келушілер де бұрынғыдай емес. Талапшыл бола бастаған. Және өзін өзі күтетіндер де көбейді дейді кәсіби маман.
Анна МОРОЗОВА, шаштараз: «Соңғы жылдары сән саласында бәсекелестік көбейген. Халықтан сұраныс та артып келеді. Негізі біздің жұмысымыз оңай емес. Күн ұзағына тік тұрып қызмет етеміз. Тек шаш қиып қана қоймай, кей кезде психолог та боламыз. Келген клиенттің көңілін табу да міндетіміз. Осыған қарамастан жұмыс өзіме қатты ұнайды. Себебі келушілерді әдемілеу арқылы рахат аламын».
Айта кетейік, күні кеше еліміздің Еңбек министрлігі сұранысқа ие 30 мамандықты атаған еді. Мұндай тізімді шымкенттік жауаптылар да жариялап отыр. Қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығы тігіншілер, техникалық мамандар мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің ауадай қажет екенін айтады.
Асылбек НАУРЫЗБАЕВ, Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы: «Жұмыс берушілердің өтінімдеріне сәйкес техникалық мамандықтар сұранысқа ие болып жатыр. Дәнекерлеуші, электрик, автомеханик, повор, кондитер және де шаштараз, визажист маникюр шебері сияқты мамандықтарға сұраныс болып жатыр».
Бүгінгі таңда Шымкентте 20 мың тұрғын ресми түрде жұмыссыз. Осылай деген жауаптылар өткен жылы 39 мың азаматты жұмыспен қамтығандарын айтады.
Назерке Үкібасова