«Ауылдағы ауыз су тарифін арзандату керек». Сенат депутаттары жылдың алғашқы жиынын ауыз суға жарымай отырған ауыл жайын талқылаудан бастады. Сөздерінше ол үшін биыл бюджеттен 16 млрд, теңге бөлінген. Бар мақсат шалғайдағы жұртты тіршілік нәрімен қамту дейді халық қалаулылары.
Ләззат РЫСБЕКОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Заң жобасын қабылдау келесі оң нәтижелерге алып келеді. Ауылдық жерлерде халыққа беріліп отырған ауыз суды субсидиялау арқылы ауыз су бағасын арзандату. Жаңадан салынған ауызсумен жабдықтау жүйелерін субсидия алатын объектілер тізбесіне қосуды жеңілдету».
Осылай деген депутаттар 2020 жылы Қазақстандағы 87 пайыз ауылдың ауыз сумен қамтылғанын айтады. Бұдан бөлек, жылдың алғашқы жиынында жылжымайтын мүлікке қатысты заң жобасы қаралды. Нұрлан Бекназаров елімізде жылжымайтын мүліктің бұзылуы туралы құжатты рәсімдейтін органның жоқтығын айтады.
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ұсынылған заң жобасы жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу салаларын жетілдіруге заңнама нормаларын қажетті заман талабына сай сәйкестендіруді көздейді».
Сонымен қатар, депутаттар жылжымайтын мүлікке құқықтарды уақытылы тіркемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды ұсынды. Енді бұдан былай мұндай кешігу орын алғанда адамдар жазаға тартылмайды және айыппұл салынбайтын болды.
Назерке Үкібасова