Шымкентте жаңа қызметке тағайындалған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев те сайлауға келді. Түркістан сарайындағы сайлау учаскесінде дауыс берген белгілі әнші бұл таңдаудың әр азамат үшін маңызды екенін айтады. Және дәл осы сайлаудың өзі үшін ерекше екенін жеткізді. Себебі Қазақстанның мәдениет қайраткері бұл жолы дауысты алғаш рет Шымкентте беріп отыр.

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқарушысы: «Мен өз басым сайлаудан қалмаймын. Уақытша тіркеуге тұрғаннан кейін Шымкент қаласында дауыс беру, әсіресе өзімнің жұмыс жасап отырған ғимарат Түркістан сарайында 231 сайлау учаскесінде дауыс беру мәртебесі бұйырып тұр. Сол себепті өзімнің таңдауымды жасадым. Дұрыс таңдау жасауымызды нәсіп етсін. Бейбіт елде баянды ғұмыр кешейік».

Айта кетейік, Түркістан сарайында орналасқан №231 сайлау учаскесінде осы сағатқа дейін 135 сайлаушы келіп үлгерген. Жауаптылар сөзінше олардың басым бөлігі егде жастағы кісілер. Дауыс берушілер әсіресе таңғы сағат 9 бен 11 аралығында белсенділік танытқан.

   Назерке Үкібасова