Шымкент: Жемқорлыққа қатысты қылмыс екі есеге көбейген

231

Шымкентте жемқорлық бойынша тіркелген қылмыс екі есеге көбейген. Осылай деген жемқорлықпен күресушілер өткен жылды қорытындылады.

Сөздерінше ауызбастырық алудан көш бастап тұрған салалар сол баяғы. Білім саласы бойынша 31 қылмыс тіркелсе, құқық қорғау блогында 20 жағдай анықталған. Ал денсаулық сақтау саласында 15 заңсыздық тіркеліпті.

Осылай деген агенттік өкілдері сенім телефонына хабарласатындардың да артқанын айтады. Еске салайық, бұған дейін жемқорлықты жариялаған жандарға 1 млн. теңге тағайындалған еді. 2020 жылы заңсыздықты 9 шымкенттік хабарлапты. Олардың арасында №34 мектеп директорын әшкерелеген әріптесі де бар.

Айта кетейік, былтыр жемқорлық бойынша 52 шымкенттік темір торға тоғытылған. Оның 12-сі лауазымды тұлға екен. Олардың арасында мектеп директоры, емхана басшылары мен полиция қызметкерлері бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің өкілдері ауызбастырық алудың әсіресе жұмысқа орналасу кезінде көп орын алатынын айтады. Және дәл осындай жағдайға кез болса 1424 нөміріне хабарласуды сұрап отыр.

 Назерке Үкібасова