Жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды

105

Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, кешкі уақытта інісін көлік қағып кеткені бойынша хабарлайды. Оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері аттанады. Олар белгісіз көліктің жүргізушісі жолды кесіп өтпек болған тұрғынды қағып, содан соң оқиға орнынан қашып кеткенін анықтайды. Жедел жәрдем келіп жаяу жүргіншіні ауруханаға алып кеткенімен, ер азамат алған жарақаттарының салдарынан жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Аталған жайт Түлкібас аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы», 347-баптың 1-бөлігі «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша тіркеуге алынды. Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған жүргізушіні жедел түрде ұстау мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен іздестіру шаралары жүргізілді.
Тексеру жұмыстары кезінде оқиға орнынан көліктің сынық қалдықтары алынды. Табылған айғақты заттардың жол көлік оқиғасын жасаған көлікке тиесілі және күдіктінің Жамбыл облысының жергілікті тұрғыны екені белгілі болды. Осылайша тәртіп сақшылары көп ұзамай кінәлі жүргізушінің мекенжайын анықтап, оны ұстап, бөлімге жеткізді.
Бүгінгі таңда күдікті бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Тексеру барысында анықталғандай күдікті өзінің «Тойота» маркалы көлігімен демалыс орнынан қайтып келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жасаған ісінен үрейленіп, оқиға орнынан қашып, өзінің тұрғылықты мекенжайы Жамбыл облысына жасырынған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшылары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері, жол қозғалысына қатысушыларға абай болу мен жол қауіпсіздігі ережесін бұзбау керектігін ескертеді. Оған қоса жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді.
Ал жаяу жүргіншілерге айтар болсақ, кез-келген жерден жолды кесіп өтуге тыйым салынған. Сондықтан тек арнайы белгіленген орындардан ғана қауіпсіздік ережелерін ұстана отырып өткен жөн болмақ.
Егерде сіз жол-көлік оқиғасының қатысушысы немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефонына хабарласыңыз. Бұл өз мерзімінде күдіктіні ізін суытпай ұстау үшін себеп болмақ.
QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі