Әскери қызметкер екі жігіт зорламақ болған бойжеткенді құтқарып қалды

132

Шымкентте әскери қызметкер зорлық құрбаны бола жаздаған қызды құтқарып қалды. Оқиға 13 ақпан күні орын алған. Қатардағы жауынгер Артем Калашников үйіне қайтып бара жатып, көмекке шақырған қыздың дауысын естиді. Іле-шала айғай шыққан жаққа барғанда екі еркектің азғындық әрекетін көріпті. Жағдайды осылай деп баяндаған жауынгер өз ісін азаматтық борышқа балап отыр.

Шымкенттік Артем Калашников осыдан бірер күн бұрын бойжеткенді зорлықтан арашалап қалған. Көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беруді азаматтық борышым деген ол 13-ші ақпан түнгі сағат он екіде болған сұмдықты тағы да еске алды.

Артем КАЛАШНИКОВ, әскери қызметкер: «Мұның бәрі дәл осы жерде болды. Анықтама нүктесі — бұл көк жәшік. Міне, осы жерде олар қызды шешіндірмек болып еді, бірақ мен келген уақытта тоқтап қалды. Міне, осы жерде іздер тіркелген. Бірінші адамды дәл осы жерге құлаттым, ал екінші жігіт сол жаққа қарай жүгірді. Дәл сол уақытта оның артынан жүгірудің мәні болмады. Содан кейін біз тротуарға шықтық. Қарасаныздар ол жерде тіпті кірдің іздері қалды».

Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінің қызметкері сол күні үйіне алаңсыз келе жатқанқанын айтады. Бір сәтте көмек сұраған ащы дауысты естіп, айғай шыққан жаққа бұрылыпты. Осылайша азғындықтың куәсі болған ол еш ойланбай төбелеске көшкен. Артемнің сөзінше бұл батырлыққа жатпайды.

Абырой болғанда азғындар қолына түскен қыз дін аман. 21 жастағы бойжеткен әлі де үрей үстінде. Ал, оны құтқарған жауынгердің қолы сынған. Жарақатты байқаған жоқпын деген әскери қызметкер қолындағы әлсіздікті бірер сағаттан соң білген. Шаһардағы бұл сұмдыққа байланысты қазір тергеп тексеру жұмыстары басталды.

Ержан ПАЙЗБЕКОВ, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкері: «Жергілікті тұрғынның оны белгісіз адамдар тонаған және зорламақшы болғаны туралы арызы бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 24-бабының 3-бөлігі — 120-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізуде».

Айта кетейік, азғындардың екеуі де 30-дан асқан азаматтар. Әзірге олардың біреуі ғана тергеуде. Екіншісі оқиға орнынан сытылып кеткен. Қашқынды іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

   Назерке Үкібасова