ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАР ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Бүгін Шымкент қаласы маслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов пен тұрақты комиссия мүшелері қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келіп түскен өтініштердің басым көпшілігі шалғай елді-мекендердегі транспорт мәселесі мен көлік жолдарын қайта жөндеуден өткізуді, жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру және газ тарту мәселелері қаралды.
Қабылдауға келген қала тұрғыны Қожаев Орынбасар, Ұлы Отан соғысының ардагері, Совет Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың есімін елге мұра етіп қалдыру мақсатында, өзі тұрған көшеге атын беруді ұсынды. Бахадыр Мәдәліұлы аталған мәселені қолдап, алдағы уақытта өз атынан тиісті ұсыныс жолдайтынын алға тартып, Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына осы мәселені пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар айтыскер ақын Біржан Байтуов сөз алып, дәстүрлі өнер түрлерін дамытуға shamshyrag.kz бірлестігінің жұмысын жүргізуге, арнайы ғимарат керектігін алға тартты. Өз кезегінде тұрақты комиссия мүшелері Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Эльдар Темірханұлына дәстүрлі өнерді қолдау мақсатында мәселелерді қайта қарап, ғимарат мәселесін шешуді, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармаға грант қарастыруды тапсырды.
Кезекті қоғамдық қабылдау барысында барлық өтініштерге тиісті жауаптар беріліп, бірқатар мәселелер бақылауға алынды. Бахадыр Мәдәліұлы тұрғындарға ешбір өтініш ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.