Úı Jańalyqtar Агроэкономиканы дамыту бағытында ауқымды шаруалар атқарылуда

Агроэкономиканы дамыту бағытында ауқымды шаруалар атқарылуда

фото БАӘБҚ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бал салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға 1 трлн. теңге жұмсалды. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын соңды болмаған. Агроэкономиканы дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек» деген болатын.

 

Түркістан облысының Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылығының дамуында маңызды рөл атқарады. Аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімі сынды  мемлекеттік органдардың атқарып отырған шаруалары ауқымды. Ауданның табиғи-климаттық жағдайлары мен жер бедері ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларын дамытуға оңтайлы әсер етеді. Бәйдібек ауданы мал шаруашылығының негізгі салаларының бірі болып табылады. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, қайта өңдеу бойынша шағын кәсіпорындар жұмыс істеуде. Агроөнеркәсіпті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялар жүзеге асырылуда. Жаңа техника мен технологиялар, суару жүйелері мен тыңайтқыштар қолданылуда. Жалпы, Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары әрі тұрақты дамып келеді, бұл жергілікті экономика мен халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.

 

Ауыл шаруашылығы өнім көлемі соңғы 3 жылда 33 пайызға өсіп 37 млрд. теңгеге жетті. Әсіресе  мал шаруашылығын дамыту басты назарда тұр. Өнім көлемі  9 251,5 млн. теңге, ал, өсімдік шаруашылығы 10 млрд. 155 млн. теңге құрады. Аудандағы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігі де артып келеді. Бәйдібек ауданы бойынша Боралдай, Жамбыл, Мыңбұлақ, Бөген ауылдық округтерінде кәсіпкерлер шаруашылықтарын дамыту үстінде. Ауданда жаңадан 756 гектарға су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы пайдалану көлемін 2400 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жылдық жоспар 736 гектар болса, бүгінгі таңда нақты 348,5 гектар, яғни 47,4% орындалды. Қазіргі таңда жалпы 395 гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын ендіруде. Бұл жобаның тиімділігі өте жоғары. Бүгінде Қазақстан республикасы Үкіметінің басты назарында су үнемдеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондықтан да Бәйдібек ауданында су үнемдеу технологиясы қарқынды енгізілуде. Тамшылатып суғару мен жаңбырлатып суғару технолгиясының тиімділігін көріп отырған шаруашылықтар жетерлік.

Облыста 281200 гектар алқапқа масақты дақылдар егілсе, оның 23 пайызын немесе 65 мың гектарын Бәйдібек ауданының егіс алқабы құрап отыр. Былтыр масақты дақылдар өнімділігі ауданда  гектарына 14,2 центнерді құраса, осы жылы 1 гектардан 20 центнерден аса өнім жиналуда. Ауыл шаруашылық техникаларын жаңалау бойынша жылдық жоспар 82 дана болса, қазіргі уақытта 55 дана алынып тапсрыма 67,1 пайызға  орындалды.

Жуырда Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні құрметіне «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы өткені белгілі. Осы іс-шара барысында бәйдібектіктердің мерейі үстем болды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімі ұсынылды. Аталмыш жәрмеңкеге Бәйдібек ауданында өндірілген өнімдер ұсынылды. Одан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі мен «Ауыл аманаты» арқылы жүзеге асқан жобалар мен өнімдер таныстырылды. Жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының қызметі оң нәтижесін көрсетті. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. «Бүгінгі дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты мерекесі еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, оны дәріптеуге арналады. Күні кеше өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне кезекті рет тоқталды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының маңызы айрықша. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында облысымыз ауыл шаруашылығы саласында жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 %-ы біздің облысқа тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 млрд. теңгеге немесе 21 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тартуда көш басында келеміз. Мақтаның нарықтық бағасы экспортқа тәуелді және жыл сайын өзекті мәселе болып отырғандығына байланысты, біз мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңін бастадық. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын отандық толық циклді кәсіпорындарды құру есебінен, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоямыз. Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытуға өздеріңізбен бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз өңіріміздің экономикасын көтеру жолында бірлесіп, еңбек етуіміз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа ҚР Президентінің «Еңбек даңқы» орденін, «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, облыс әкімінің дипломын табыстады. Сонымен қатар бірқатар еңбек адамы ҚР Премьер-министрдің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілді. Оның ішінде бәйдібектік шаруалар да бар. Айта кетейік, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ, өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде мақта өнімділігін 3 есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр. Мұның ішінде Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардың да үлесі қомақты.