Бүгін Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы «Күншуақ» бөбекжайының ұжымы айлық жалақысының кешіктірілгені және карантин режиміне байланысты 70%-ға қысқарғаны туралы шағым түсірді.
Осы шағымға байланысты Бөбекжай қызметкерлерімен кездесу барысында бұдан өзге де бірқатар мәселелер айтылып, балабақшаның карантин режиміне байланысты тоқтап тұрған жұмысын қайта бастауға рұқсат беруді талап етті.
Аудандық адами әлеуетті даму бөлімінің (білім бөлімі) басшысы Құралай Балтабайқызы «Күншуақ» бөбекжайы» ұжымына қаңтар айына айлық аударылғанын, енді ақпан айының қаржысы алдағы үш күнде берілетінін айтты.
Қаржының кешігу себебі, 2021 жылы аудан аумағындағы барлық білім беру мекемелері мен кәсіпорындар, оның ішінде «Күншуақ» бөбекжайы Түркістан облыстық коммуналдық меншігіне өтуіне байланысты құжаттары қайта рәсімделді.
Қайта тіркеуден өтіп, облыстық бюджет есебінен қаржыландыру барысында қаңтар айының жалақысы кешіккен. Ал айлық 70%-ға қысқармаған. Сайрам ауданының адами әлеуетті даму бөлімінің «Күншуақ» бөбекжайы» МКҚК-ның 2021 жылдық штат саны – 78,7.
Бөбекжайдың бала сиымдылығы – 280, ал тізім бойынша – 167 балаға жолдама алынған. 78,7 штат санына 280 балаға деп 1 айға қамтылған қаражат соммасы – 9450560 теңге болуы керек. Алайда, қаржы 167 баланың жолдамасы бойынша, заң аясында 5 млн 636 мың 584 теңге балабақша есебіне аударылды.
«Күншуақ» бөбекжайы» ұжымының басқа да сұрақтарына аздаған минуттан соң нақты жауапты сала басшылары #тікелей_эфир арқылы өтетін брифингте жауап беретін болады.