Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР

Бүгінде Шымкент қаласында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Биыл шаһарда білім саласында 21 жаңа құрылыс, 11 қосымша құрылыс жұмыстары атқарылады: мемлекет есебінен – 13, инвесторлар арқылы – 19.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар білім беру нысандарының құрылыс барысын аралап көрді. Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан бастауыш 10 сыныпқа арналған, 120 орындық қосымша құрылыстың барысымен танысты.

Жобаның құны – 936,1 млн теңге. Бас мердігер «АРТ – Құрылыс» ЖШС өткен жылы 330,0 млн теңгені игерген. Құрылыс 2020 жылы наурыз айында басталған болатын.
2021 жылға қаралған қаржы – 606,1 млн теңге. Мердігер компания құрылысты биыл шілде айында аяқтауды жоспарлауда. Бүгінде жер жұмыстары, бетон асты табаны, ірге тас, сыртқы инженерлік желілер, т.б., жұмыстар 100 пайыз орындалды.

– Құрылысты сапалы жүргізуде халықаралық стандарттарды үйрену – заман талабы. Мектеп ауласын толық асфальттау, газон, тас төсеніш төсеу және спорт залдың желдету жүйесіне аса көңіл бөлу қажет. Құрылыс алаңына кіріп-шығып жүрген техникалардың тазалығына мән беру керек, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қала әкімі құрылысты аралау барысында жергілікті тұрғындармен кездесіп, мердігердің жұмысты сапалы атқаруын бірлесе бақылауға шақырды.