Шымкент қаласының білім жүйесі толығымен жан басына қаржыландыру жүйесіне өтуде. Бұл жұмыстарды басқарманың қолға алғанына биыл екінші жыл. Балабақшада цифрлық табель жүйесін енгізу арқылы жауаптылар мектепке дейінгі мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтықты қалыптастыру, бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қолға алмақ.

Шымкент тұрғыны Галина Беликованың 5 жастағы баласы балабақшаға баратын. Алайда карантинге қатысты уақытша үйде отыр. Ата-ана балабақшамен байланысты үзбей отырғанын айтады. Жақында тәрбиешісінен келіп түскен СМС хабарлама Галинаны таң қалдырыпты.

Галина Беликова, қала тұрғыны: «Онда электрондық цифрлық қолтаңбаны алып келіп беріңіз деген. Мен неліктен оны беруім керек, бермеймін деп, балабақша меңгерушісіне хабарластым. Сөйтсем, тәрбиеленуші шатасқан екен, электрондық цифрлық қолтаңба жеке компьютері жоқ ата-аналарға жазылған екен».

Электрондық цифрлық қолтаңбаны №49 балабақшаға баратын 263 баланың ата-аналары 100 пайыз алған екен. Әлеуметтік желіге кіруге мүмкіндігі жоқ ата-аналар үшін балабақшада жабдықталған арнайы бұрыш та ашылған. Кез келген ата-ана электрондық индиго 24 сайтына жеке сәйкестендіру нөмірін, құпия сөзін теріп жеке кабинетіне кіреді.

Динара ТҮЛІКБАЕВА, №49 балабақша меңгерушісі: «Жан басына қаржыландыру бойынша әрбір ата-ана жеке кабинетке кіріп табелін дұрыс белгілейді, бала келді ме жоқ па? Бәрін біліп отыруға мүмкіндік бар».

Қалалық білім беру басқармасының мәліметі бойынша шаһардағы 526 балабақшаның 78-і ғана мемлекеттікі, қалғандары жекеменшік. Басқарма жаңа жылдан бастап балабақшаларда цифрлық табель жүйесін енгізу арқылы мектепке дейінгі мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жан басына қаржыландыру бойынша бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын реттемек.

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша, нәтижесінде жоқ балаларға ақша алып отырған фактілер анықталған. Көп жағдайда балабақшаларда ол балалар болмаған немесе қайтыс болып кеткен балалардың өзіне де қаржы алып отырған фактілер кездесті осы бір-екі жылдың ішінде. Біріншіден жемқорлыққа жол бермеу, ашықтықты қалыптастыру, 3-шіден бөлінген қаржының талан-таражқа түспеуін қадағалау».

Бұл пилоттық жоба ата-аналардың қолдауынсыз жүзеге аспайтынын атап өткен қаламыздың бас педагогы оларды белсенділік танытып цифрландыру жүйесін кеңінен қолдануға шақырды.

Шынар Оразова