Облыс әкімі Түркістандағы құрылыс барысымен танысты

312

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке Түркістан қаласын безендіру, әсемдеу, көркейту жұмыстарының барысы баяндалды.

Шаһардағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс басшысы қала аумағындағы 32 секторда атқарылған жұмыстармен танысты. Тиісті тұлғаларға тапсырмалар беріп, кей жобаларға өзгертулер енгізді.

Облыс орталығындағы «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежай аумағын көріктендіру барысында 8 қатарлы шатыры бар автотұрақ ашылмақ. Әуежай аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойына жалаушалар, Led экрандар, билбордтар мен 300-ден астам жарық тораптары, 17 аялдама орнатылады.

Түркістан қаласының кіреберісінде ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген, биіктігі 10 метр архитектуралық мүсін орнатылмақ. Бұл аумақта бағыт-бағдар сілтемелер (навигация) жүйесін орнату көзделген. Дәл осындай 30-дан астам сілтеме қаланың ішкі жолдарына және қалаға кіреберіс жолдарға орнату жұмыстары ай соңына дейін аяқталады.

Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталықтағы нысандардың қасбеті жарықтандырылуда. Әзірге көпқабатты 24 үйдің қасбетіне бір үлгідегі жарық жүйелері қосылады. Сонымен қатар, «Түркістан арена» стадионы айналасы көгалдандырылып, ағаштар егілуде.

Түркістанға кіреберіс жолда 5 мың орындық зәулім мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бұл — киелі шаһарға Өзбекстан мемлекеті тарапынан жасалған сый. Шығыс үлгісіндегі Ислам орталығының аумағы 20 мың шаршы метр, айналасында 400 орындық медресе, кітапхана, асхана, неке сарайы және басқа да қосымша нысандар салынады.

Жаңадан бой көтерген «Дендросаябақ» пен «Аттракциондар паркі» арасында жаңа көпір салу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жібек жолы» саябағы мен «Желілік саябағы» аумағы тазартылып, көгалдындырылуда. Б.Саттарханов даңғылындағы тұрғын үйлердің, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеттерін және «Рәміздер алаңы» мен «Түркі бағын» ретке келтіру жұмыстары кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан қолға алынған.

Облыс әкімі рухани-мәдени орталық аумағында орналасқан нысандардың жобасы мен жарықтандыру жұмыстарымен танысты. «Керуен сарай» кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, орталықта таунхаус пен саябақ құрылысы басталды.

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің саябағы, театр аумағы мен қонақ «Hampton by Hilton Turkestan» қонақ үйінде түнгі жарықтандыру орнату жұмыстары жүзеге асырылуда.