Полицейлер қандай жағдайда нөмірді алуға құқылы?

117
фото kolesa.kz

Күңгірт әйнек, түтіндеген мотор, тұрақ ережесін бұзу… Тағы не болуы мүмкін?
Дүкенге тез кіріп, қайта шықсаңыз машинада бірдеңе жетіспейтін сияқты. Тағы бір рет анықтап қараңыз. Бәсе! Көліктің нөмірі жоқ! Осындайда бірден «полицейлердің қалай дәті барды?»… бұған құқығы бар ма екен?«— деген ой келеді. Көп жағдайда расымен құқығы бар.

Жол ережесін бұзған жүргізушіге шара қолдану ретінде көлік нөмірін шешіп алу жөнінде Әкімшілік кодекстің 797-бабында «лауазымды адам көлiк құралын пайдалануға тыйым салу себептерi жойылғанға дейiн мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн алып қою арқылы көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салуға құқылы» — деп жазылған.
Кодекс бойынша мынадай жағдайда нөмірден айырылуыңыз мүмкін:

1. ауа ластағаны үшін жазаланған соң бір жыл ішінде қайта айыпталсаңыз (ҚР ӘҚБК 334-бабы, 2-бөлігі);

2.нөмірдің тозып, кірлегені сонша, ондағы сандарды көру мүмкін болмаса не дұрыс орнатылмаса. Заң бойынша нөмірдегі сандар мен әріптерді зақым келтіруі мүмкін бекіткішке де полицейдің көзі түсуі мүмкін. (ҚР ӘҚБК 590-бабы, 1-бөлігі);
3. көлікте ақау не сәйкессіздік болса. Мысалы, жарық құрылғылары жанбаса, алдыңғы әйнегі сынған не күңгірттелген болса. Толық тізім жол ережесінде жазылған. (ҚР ӘҚБК 590-бабы, 5-бөлігі);
4.машинаның тежеуіш жүйесінде, рөлінде ақау болса. (ҚР ӘҚБК 590-бабы, 6-бөлігі);
5.заңсыз жабдықталған болса: ірі бампер, қорғаныс рамасы, газ баллон не қосымша жарық орнатылса (ҚР ӘҚБК 590-бабы, 7-бөлігі);
6.техникалық тексерістен өтпесе және қажет болған жағдайда рейс алдындағы тексерістен не медициналық тексерістен өтпесе (ҚР ӘҚБК 590-бабы, 8 және 9-бөліктері);
7.ҚР ӘҚБК 590-бабының жоғарыда аталған бөліктері қарастыратын ЖҚЕ ережесі бір жыл ішінде қайта бұзылса;
8.аялдау және көлік қою ережесін бұзсаңыз, көлікті тротуарға, гүлзарға не көгалға қалдырып кетсеңіз. Айтпақшы, машина басқалардың өтуіне кедергі келтірсе, ал жүргізуші жақын маңда болмаса көлік айып тұрағына жіберіледі (ҚР ӘҚБК 597-бабы, 1 және 2-бөлігі);
9.жол апатына кінәлі болсаңыз. Тәртіп сақшылары машинасын рұқсатсыз қозғаған не зардап шеккендерге көмек көрсетпеген басқа қатысушылардың да нөмірін шешіп алуы мүмкін (ҚР ӘҚБК 610-бабы);
10.жол апатына қатысқан жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалса. Нөмір қашқын ұсталған кезде алынады (ҚР ӘҚБК 611-бабы).
Полицейлер жалған нөмірді жәй шешіп алмай, тәркілейді. Ал жүргізуші ірі көлемде айыппұл төлеп, бір жылға көлік айдау құқығынан айырылады.

Көбіне көлік иесі нөмірін айыппұл төлеген соң қайтарып ала алады, ал машинада ақау болса, нөмір машина жөнделіп, техникалық тексерістен өткен соң беріледі.

Әкімшілік кодекстің «Көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлері екі куәгердің және (немесе) меншік иесінің қатысуымен ғана алынады, бұл ретте мемлекеттік нөмірлерді алуды жүргізетін уәкілетті лауазымды адам көлік құралының иесіне алып қоюды жүргізудің негізін түсіндіруге міндетті. Салынған айыппұлды өндіріп алу мақсатында көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін алуға тыйым салынады» — деп жазылған 795-бабы, 10-бөлігін де естен шығармаған абзал.

Айтпақшы, мемлекеттік нөмірді ақша төлеп алған соң өз меншігі санайтын және оған ешкімнің тиісуге құқығы жоқ деп ойлайтындар қатты қателеседі. «Жол жүрісі туралы» заң бойынша көлік нөмірі мемлекет меншігі болып есептеледі және сіздің оны қаншаға сатып алғаныңыз маңызды емес.

kolesa.kz