Шымкент қалалық сотында судьялар мен журналистер бас қосып, «Сот пен БАҚ-тың өзара байланысы» мәселелерін талқылады.
Жоғары соттың төрағасы 2020 жылды «Сапалы коммуникация жылы» деп жариялаған болатын. Осыған байланысты былтыр қала соттары судьяларының басым бөлігі әлеуметтік желіге тіркеліп, фейсбуктен өз аккаунттарын ашқан болатын. Сот кеңселерінің бәрінде де фейсбук парақшалары бар. Онда олардың байланыс нөмірлері жарияланған. Бұл тұрғындармен кері байланыс орнатып, соттарға деген сенімді арттыруға жасалған нақты қадам.
Судьялар заңнамадағы соңғы өзгерістер, сот қызметіндегі жаңашылдықтар жайлы жұртшылықты үнемі хабардар етіп отырады. Басқосуда әлеуметтік желіде тексерілмеген ақпараттарды жариялау, осындай олқылықтарға баратын азаматтардың жауапкершілігі де әңгіме болды.
«Блогерлер, азаматтар тексерілмеген ақпаратты жариялай салады. Журналистер ресми ақпарат бергенде жан- жақты деректерге сүйене жазады. Екі тараптың айтылған сөздері ескерілуі тиіс»,- дейді Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат ІЗБАСАРОВ баяндамасында.
Кейбір блогерлер «хайп» үшін әдеп нормаларынан аттап, заңға қайшы әрекет етуге дейін баратыны жайлы айтқан тілшілер мұндай азаматтарды жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс та айтты. Жиынды қорытындылаған сот төрағасы журналистер қауымы тарапынан тек шынайы ақпарат таратылатынына сенім білдірді. Жұртшылықтың құқықтық тұрғыда қорғалуын, олардың сауаттылығын қамтамасыз ету бағытында тілшілерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Шынар Оразова