«CПУТНИК-V» салдырған 90 жастағы қария екпеден кейінгі жағдайымен бөлісті

155

Шымкентте вакцина қабылдағандардың ең егдесі 90 жастағы қария. Ол екпені осыдан 5 күн бұрын алған болатын. Бүгінгі таңда қарт тұрғынның жағдайы қазір өте жақсы.

Қарияны бақылауға алған дәрігерлер осылай дейді. Ал, ақсақалдың өзі болса, барлық қала тұрғындарын қорғаныс препаратын қабылдауға шақырады. Сөзінше, оның бастамасымен қазір бүкіл әулеті вакцина алып үлгерген.

90 жастағы шымкенттік Қуаныш Әбдірахманов осыдан 5 күн бұрын коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Екпеден кейін ешбір ауырсыну байқалмады деген қария аздап қан қысымы көтерілгенін айтады. «Бірақ қазіргі халім қалыпты, өзімді сенімді сезініп жүрмін» деген ақсақал өзі ғана емес, бала-шағасының барлығы екпе қабылдағанын айтады.

Сөзінше осылай ғана қауіпті індетті жеңуге болады. Көптің күдігіне құлақ аспадым деген атай медициналық көмекке жүгіну керек дейді.

Қуаныш АБДУРАХМАНОВ, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен ізеттілік көрсетейін деп өзім бардым. Балама айттым апар мені дедім. Ата сіз қиналып қаласыз десе, сол жерде менің аянып қалатыным жоқ. Бәрін көрдім. Халыққа үлгі болсын деп маған істейсіңдер дедім».

Қала бойынша вакцина қабылдаған ең егде азаматты аумақ дәрігерлері күн сайын тексеріп кетуде. Сөздерінше, соңғы күндері вакцина қабылдаушылар қатары күрт артқан. Алғашында жұрттың бәрі күдіктеніп жүрсе, бүгінде сенім артқан дейді ақ халаттылар.

Айбек АБДУРАИМОВ, жеке клиниканың бас дәрігері: «Ата 5-6 күн алдын келіп, бізден коронавирустың «спутник ви» вакцинасын өзі келіп алған. Атаның жағдайы қазір өте жақсы. Бізде 4000 адам бар тіркелген. Оның ішінде екпе алуы тиіс 1500 болса, оның 50-60 пайызы коронавирус вакцинасының бірінші этапын алып қойды».

Айта кетейік, қазір қала бойынша вакцина қабылдағандар қатары 83 908 жетті. Ал, ел бойынша бұл көрсеткіш миллионға жақындаған. Статистика бойынша бүгінгі таңда 949 451 қазақстандық квиге қарсы екпе қабылдаған екен.

Назерке Үкібасова