Ирригациялық жүйелер орналасқан аумаққа қора салып алған

156

Наурыз айында толассыз жауған жаңбыр Шымкенттегі ирригациялық жүйелерді ретке келтіру қажеттігін тағы бір айқындап берді.

«Қала аумағындағы жаппай құрылыстың салдарынан жаңбыр суының жерге сіңу аймағы азайғаны, бұрынғы шағал тастары бар жолдарға асфальт төселініп, ол жерлерде  жауын-шашында су сіңу қабілеті төмендегені баршаға мәлім. Сондықтан да шаһар аумағындағы ирригациялық жүйелерді жетілдіру мәселесі  күн тәртібінен түскен емес»,- дейді Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов.  Аудан басшысының мәлімдеуінше жағдайды ретке келтіру, ирригациялық жүйелерін дамыту бойынша мәселелерді бас жоспарға енгізу жөнінде қала әкімінің тапсырмасы бар. Қазір бұл бағытта шаһардағы төрт аудан әкімдігі мен  тиісті басқармалар  тарапынан  жұмыс жүргізілуде.  Ирригациялық жүйелерді түгендеу жұмыстарының қорытындысы бойынша жоспар түзіліп, жүзеге асырылады. Еңбекші ауданы бойынша  былтыр 32 аумақ жіті қаралып,  8 -де  жүйелер жүргізілді.

Биыл бюджетті нақтылауда аудан әкімдігі тарапынан өте қауіпті деген 10 жерге сметалық есептер дайындалып, бюджеттен 44 млн. теңге бөлініп, конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Қорытынды бойынша біз қауіпті жағдайларды жоямыз.Ең бастысы  су тасқыны кезінде Бадам өзенінің өткізу қабілетін сәйкестендіруіміз керек.

«1969 жылы шаһарда жауған толассыз жаңбырдың  салдарынан  Бадамда   секундына 230 текше метр су ағыны болып көпірді де шайып кеткені есімде»,- дейді  Ғалымжан Ильясов.

Биыл 3,3 шақырымда ирригациялық жүйелерді жүргізуге 40 млн. теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу процедураларынан кейін  10 мекенде жұмыстар басталады.

мұрағат Бұл мәселеде  назар аударатын  маңызды  тұс, қала тұрғындарының мәдениетін  көтеру керек. Әрбір адам өз үй ауласындағы және төңірегіндегі арық-атыздарды қоқыстан тазартып,  өтетін ағын  суға ыңғайластырса. Ең сорақысы, жеке секторда тұратын азаматтарымыз жер телімдерін ирригациялық жүйелер орналасқан аумақпен қоса  заңдастырып алған. Ол аздай арықтардың үстіне қора салып алады. Жауын-шашын болғанда су  басу қауіпін жоюға келген техниканы кіргізбей бейқамдық танытады. Одан өзі де, көршілері де жапа шегеді.

Шынар Оразова