8 жасар баланы соққыға жыққан

280

«Отырар» телеарнасының редакциясына Шымкенттегі Мангелдин көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары шағымданды. Қалалықтар жасөспірімдер бастауыш сынып оқушыларын ұрып соғатынын айтады. Олар қақтығыс күтпеген жерде орын алады дейді. Жақында 8 жастағы баланы жеткіншектер соққыға жығып тастапты.

«Үш ұл бала мен бір қыз бір баланы теуіп ұрып соқты. Оларды полиция бөлімшесіне алып кетті»,-дейді оқиға жайлы қала тұрғыны Максуда Умарова.

Манкелдин көшесіндегі үйдің тұрғындары бастауыш сынып оқушылары үшін аулада серуендеу өте қауіпті екенін айтып ашынады. Ата-аналардың пайымдауынша, жеткіншектер кішкентай балаларға күн көрсетпейді. Жуырда 8 жасар бала таяқ жеген. Оған жасы үлкен бірнеше оқушы жабылған.

«Олар төбелесіп қалды. Оқиғаның мән-жайын толық білмеймін. Төбелесті бастаған жеткіншектер жасы кіші балаларға тыныштық бермейді»,- деп тілшілерге бар білгенін жеткізді  Алтынай Дуйсебекова.

Зардап шеккен баланың анасы полицияға арызданған. Баланың денесіндегі жарақаттар суретке түсіріліп, бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласының ПД ішкі және сыртқы коммуникация басқармасының басшысы: «Оқиғаға қатысы бар кәмелет жасқа толмаған балалар анықталып, олар  ата-аналарымен бірге  Абай аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Сот-медициналық сарапатама тағайындалды. Қосымша мәліметтерді  анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде».

Егер жеткіншектердің кінәсі дәлелденсе де, олар кәмелет жасқа толмағандықтан,  заң алдында жауап бере алмайды. Бұл жағдайда жазаны ата-аналары көтереді. Бұзақылық бабы бойынша 14 млн. теңгеге дейінгі айыппұл мен бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қаралған.

Сондай-ақ, бұзақылық жасағандардың ата-аналары кәмелет жасына толмаған балаларының тәрбиесімен айналыспағаны үшін де заң алдында жауап береді.

Шынар Оразова