Шымкентте кондиционері бар аялдама ашылды

204

Шымкентте тұңғыш рет кондиционері бар аялдама қолданысқа берілді. Ол «Теріскей» шағынауданында орналасқан.

Жабық нысандағы кондиционер жазда салқындатып, қыста жылу береді. Ал, жолаушы автобусы келгенше ыңғайлы орындықта отырып, тіпті тегін вай-файды да қолдана алады. Осылай деген жауаптылар аялдаманың интернетпен қамтылғанын жеткізді.

Шымкентте бұрын-соңды болмаған бұл аялдамаға жүргіншілердің таңырқамай қарауы мүмкін емес. Әйнекпен қоршалған жабық кешен тек сырт пішінімен ерекшеленбейді. Сондай-ақ, кондиционерімен көзге түсіп тұр. Енді шілденің шіліңгір ыстығында автобус күткен жұрт осылайша бой тасалай алады. Ал, онда тегін интернет те бар.

Мақсат ТУҒАНБАЙ, Шымкент қаласы цифровизация басқармасының бөлім басшысы: «Кешен бұзақылардан толықтай қорғалған. Егер алда-жалда біреу келіп, арамы ойын іске асыратын болса, ол тез арада белгілі болады. Және жазасыз қалмайды. Ол үшін арнайы камера да орнаттық. Және вай-фай қондырып, маршрут айналымын да көрсетіп отырамыз. Осылайша жұртқа жайлы жағдай жасағымыз келді.»

Ал, тұрғындар болса, бұл жайлы жағдайға әлі де үйренісе алар емеспіз дейді. Және автобусты әдеттегідей далада күтіп тұр.
Айта кетейік, жоба инвесторлар қаржысымен жүзеге асырылған. Енді кәсіпкерлер кеткен шығынды жарнамамен өтейміз деп отыр. Және аялдама ішінен дүңгіршек ашылуы да ғажап емес дейді.

Назерке Үкібасова