Шымкентте квиден көз жұмған тұрғынның жасы 23-те болған

103

Шымкентте коронавирус індетін жұқтырғандардың басым бөлігі жастар. Қауіпті індеттің кесірінен ажал құшқандары да бар. Солардың ең жасы – 1998 жылы дүниеге келген жас келіншек.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тұрғындарды барынша сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Шымкентте коронавирустан қайтыс болғандардың ең кішісі 23 жаста болған. Бұл туралы бүгін қаланың бас дәрігері мәлімдеді. Бақытжан Позилов соңғы кездері індет жұқтырғандардың басым бөлігі жастар екенін айтады. Тіпті олардың арасында жансақтау бөліміне түсіп, ажал құшқандары да бар.

Бақыжтан ПОЗИЛОВ, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «2021 жылы пандемиядағы жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 20 жастағы, 38 жастағы, 40 жастағылар да түсіп жатыр. Әрине, жансақтау бөлімшесіне де олар түсіп жатыр. 70 адам қайтыс болған жағдайда да олардың ішінде де жастар кездесті. Ең жасы 1998 жылы туған келіншек».

Өткен тәулікте вирус қаланың тағы 109 тұрғынынан табылды. Оның 10 коронавирус белгісі бар пневмония жұқтырған екен. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше, қазір ем алып жатқан 3110 науқастың 67 жансақтау бөлімінде. Оның 6 өкпені жасанды желдету аппаратына таңылған.

Бақыжтан ПОЗИЛОВ, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Жыл басынан бері Шымкент қаласында өкінішке орай бізде 70 адам қайтыс болды квиден. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 3110 адам емделуде. Оның ішінде 2394 стационарда 2816 үйлерінде емделіп жатыр».

Айта кетейік, Шымкент вакцинациялау бойынша елімізде көш бастап тұр. Осылай деген шаһардың бас дәрігері бүгінге дейін 166 мыңнан аса азаматтың екпе қабылдағанын айтады. Ресми мәлімет бойынша екпе салдырған шымкенттіктердің ешқайсысынан кви табылмаған.

Назерке Үкібасова