Шымкентте құрылыс материалдары қымбаттап кетті

132

Шымкентте құрылыс материалдарының бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Осылай деп дабыл қаққан кәсіпкерлер бас қосып, сала жауаптыларына шағымдарын айтты. Себебі бағаның қарыштауынан мемлекеттік тапсырыстар бойынша объектілерді уақытылы тапсыра алмай отырмыз дейді.

Шымкентте құрылыс материалдарының бағасы 2 есеге қымбаттап кетті. Ал құрылыспен айналысатын кәсіпкерлер оның себебін білмей дал. Осы мақсатпен бүгін Кәсіпкерлер палатасында бас қосып, шағымдарын айтты. Қойып отырған талаптары – бағаны төмендету. Мәселен, А3-16-22мм маркалы арматураның бағасы 1 тонна үшін 435 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Ал сәуір айында оның құны 339 мың теңге болыпты. Өткен жылдың қазанында материалдың бұл түрі 214 мың теңге тұрған.

Рәшүл Оспанәлиева, «Корпорация Береке А» ЖШС құрылтайшысы: «Үйлердің құрылысы бүкіл Қазақстанда үй мәселесі болып жатыр. Яғни, үйлердің барлығы арматура мен цементпен салынады. Ал баға осылай болса, күзге қарай құрылыс жұмыстары тоқтайды».

Бағаның тым шарықтап кеткені о баста қаржысы бекітілген нысан құнына, сондай-ақ халық үшін тұрғын үйдің қолжетімсіздігіне, үйдің сапасы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуде дейді кәсіпкерлер. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша объектілерді уақытылы тапсыра алмайтын болдық деп отыр.

Цементтің нарықтағы бағасы да қымбаттаған. Ал гипсокартон, сылақ және шыбықтың құны әзірге өзгере қоймапты. Алайда кәсіпкерлер олардың да бағасы өсетініне сенімді.

Құрылыс материалдарының бағасы бақылауға алынса деген кәсіпкерлер жергілікті әкімдік құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжатын қайта қарап, бағаны қазіргі нарықпен түзетсе деп отыр. Әйтпесе қып-қызыл шығынға бататындарын айтады.

Камила Есенғали