Түркістандағы музыкалық театр шымылдығы күзде ашылады

122

Түркістанда жаңадан салынған музыкалық театр алдағы күзде көрермендерді қуантпақ. Алматылық режиссер жетекшілік ететін труппа бүгінде қойылымға сақадай сай тұр. Театр ұжымы қазірдің өзінде жұмыс істеуге дайын. Актерлер қойылымдарымен ең қатал сыншының өзін таңқалдырмақ ниетте екендіктерін жеткізді.

Театрдағы жаңа технологиялар көрерменге қойылымның бүткіл атмосферасын жеткізуге көмектесе алады. Бұл қазіргі заман көрермені үшін өте маңызды. Мысалыға, үлкен медиа ойнатқыш экран сахнада бәрін шынайы бейнелеуге қауқарлы. Спектакль барысында көрермен толығымен ондағы өмірге ене алады.

Театр елдің әр аймағынан жиналған актерлерден труппа жасақтаған. Бас режиссер өз көрермендерін тек кәсіби актерлік ойынмен ғана емес, ең қыңыр көрерменнің өзін қызықтырар режиссерлік шешімдермен таңқалдыруға уәде беруде.

Данияр Базарқұлов, бас режиссер: «Біздің шығармашылық топ жастардан құралған. Сондықтан да бұл жерде жас аралығы 18 жастан 30-ға дейін қамтылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен таланттарды жинап, кастинг жасадым. Ол Астана, Алматы, Түркістан қаласында өтті. Бізге сай келетін актерлерді мен тағайындауға тырыстым. Үлкен жалындаған жастар труппасы құрылады».

Театр шымылдығын осы күзде ашуды жоспарлап отыр. Әзірге рухани астанадағы жаңа өнер ордасы алғашқы театр маусымы үшін қарқынды дайындық жұмыстарын жалғастыруда.