Арыста «Тең қоғам» орталығы жұмысын бастады

261

Арыста бұрынғы тойхана сарайы енді мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді. Ғимарат иесі нысанды қала тұрғындарының мәдени-танымдық, спорттық сергіту орталығы ретінде пайдалануға берді.

Бұл Арыстағы ерекше жандарға арналған алғашқы заманауи орталық екен. Қала әкімідігі тойхананы қайта құрылымдаудан өткізген. Енді орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық емес сауықтыру шаралары өтеді. Сондай-ақ, олардың өмірлік белсенділігін арттыру, психологиялық көмек көрсету арқылы тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі: «Қадірлі ардагерлер, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облысымызда тұңғыш рет Арыс қаласында ашылып отырған заманауи орталықтың ашылу салтанатына қош келдіңіздер. Қала әкімдігінің бастамасымен осы кезге дейін тойхана ретінде қолданыста болған ғимарат қайта жабдықтаудан өткізіліп, елдің игілігіне беріліп отыр. Бұны әлемдік індеттен кейін елдің еңсесін көтеру мақсатында жасаған игі бастама деуге толық негіз бар».

Аталмыш орталықта кітап оқу, интернет алаңы, спорт, қолөнер бұйымдары бұрышы, үстел теннисі бар. Сонымен қатар, мұнда йогамен шұғылдануға, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ұлттық зияткерлік ойын түрлерін ойнап, үйренуге болады.

Ғимарат аумағында мүгедектер арбасына таңылған жандардың еркін кіріп-шығуы үшін арнайы пандустар салынған. Нысанның екінші қабатында оқу залы мен зағиптарға арналған Брайль әліпбиі негізінде жазылған әлемдік және қазақ классиктерінің көркем шығармалар жинағы да топтастырылған.

Сондай-ақ, шығармалардың аудио нұсқадағы үлгісі келушілердің назарына СD-дискі түрінде ұсынылады. Оны қолданушылардың үйіне әкетіп тыңдауға мүмкіндігі бар.

 Ақмарал Айтбаева