«Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігіне қатер жоқ»

140

«Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер жоқ деп санаймын.» Кезекті брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай деді.

Сөзінше, көкөніс бағаларының өсуі маусым арасында болып тұратын құбылыс. Мысал ретінде министр соңғы аптада бағасы күрт өскен картопқа қатысты айтты. Еліміздің бас агрономы отандық картоптың әлі толық пісіп жетілмегенін айтады. Ал негізінен елімізде картоп жеткілікті көлемде өсіріледі екен.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Бүгінде елімізде картоп жеткілікті көлемде өсіріледі. Тіпті, ертең ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер картоп өнімдерін өз құнына сата да алмай қалуы мүмкін. Мұндай жайт өткен жылы орын алған болатын. Сондықтан картопты шамадан тыс өсірмеуге кеңес берер едім. Бағаға қатысты айтар болсақ, онда бүгінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қоймаларынан картоптың 1 келісін 200 теңгеден сатып жатыр. Ал қалған 200 теңгені делдалдар немесе ірі сауда дүкендері өздері қосып отыр».

Сапархан Омаровтың айтуынша, Қазақстанда картопты тұтыну 3,7 млн. тоннаны құрайды, ал еліміз 4 млн. тонна өндіреді. Жалпы картоппен қамтамасыз ету 108,5 пайызды құрап отыр. Қызанақ бойынша қамтамасыз ету 96,9 пайызды құрайды. Басқа өнімдер бойынша қамтамасыз ету 80 пайыздан астам.

Министр Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы мәліметтері бойынша, егер мемлекет кез-келген өніммен өзін-өзі 80 пайыз қамтамасыз етсе, онда бұл ел өзін-өзі толық отандық өніммен қамтасыз етеді деп саналатынын алға тартады.

Олжас Айдарбек