Автобусқа адам тұрмақ, көзге көрінбейтін коронавирус сыймай қалды. Шымкент тұрғыны «Отырар» телеарнасының инстаграмдағы @otyrarkz парақшасына видео жолдапты. Расымен де, видеоға қарасақ, карантин шектеулері ұмыт қалғандай екен.
Шымкент тұрғыны @otyrarkz парақшамызға жолдаған мына видео «Колос» аялдамасында түсірілген екен. Аялдамаға тоқтаған №21 бағыттағы автобус лық толып қалған. Жолаушылар бір-бірінің үстіне мінгесіп, автобусқа өрмелеп жатыр.
«Бұны айтып келе жатқанымызға қанша жылдар болды. Шешімін тауып берген жоқ. Автобустар тола келеді. Қысылып ілінсек іліндік, ілінбесек қалып кетеміз. «Құрсайдың» адамдары шаршап біткен. Жүкті әйелдер бар. Бала-шағалар. Қаншама телефондар ұрланып жатыр» дейді тұрғын.
Видеоға қарап, карантин шектеулері туралы айту тіпті артық. Видеоны жариялаған инстаграм пабликтерде қолданушылар да осыны айтып жатыр.
Ал Шымкент әкімдігі видео бойынша мынадай түсініктеме берді.
Ержан Жолдасов, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Шымкент басқа қарайды. Қазіргі уақытта сол автобусты қалай көбейтетінімізді қарастырып жатырмыз».
Тілші: «Тағы да маршрут қосу жоспарда бар ма?».
Ержан Жолдасов: «Алдағы уақытта нақты жоқ бұл мәселе бойынша. №21 маршруттың мәселесін білемін».
Тілші: «Қанша уақыт керек?».
Ержан Жолдасов: «Білмеймін нақты мынанша уақыт керек деп айта алмаймын».
Қазір №21 бағытта 9 автобус қатынайды екен. Басқарма басшысы Ержан Жолдасов «алдағы 3 күнде автобус санын 14-ке көбейтеміз» деп уәде берді.