Шымкент: Жаңадан ашылған 6 автобус бағыты қайда қатынайды?

310

Шымкенттің қоғамдық көлік саласында тағы да өзгеріс. Қалада жаңадан 6 автобус бағыты ашылды. Жаңа бағыттарға қатынайтын 100 жаңа автобус берілді. 1 маусымнан бастап ашылған автобус бағыттарын көруге Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов келді. Ол маршруттар картасын қарап, қызметкерлерге сәттілік тіледі.

Әкімнің сөзінше, жыл соңына дейін тағы 290 жаңа автобусты жолға шығару жоспарланған. Осылайша, қаладағы қоғамдық көліктер базасы 80 пайызға жаңарады екен.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қала тұрғындарының бәрін құттықтаймын. Біріншіден бүгінгі бірінші маусым халықаралық балаларды қорғау күнімен. Арнайы соның қарсаңында тағы да қалаға 100 қоғамдық көлік қосылып жатыр жаңа. Қазірде қиыншылықтар, кемшіліктер болып жатыр. Оның себебін айтсақ біз әлі 100 пайыз бекітілген маршруттарды енгізген жоқпыз. Енгізгеннен кейін қалада бәрі ыңғайлы болады. Бәрі тиісті баратын жеріне уақытылы және қысылмай барады деп санаймыз».

Жаңадан ашылған бағыттарға №9, 37, 57, 68, 72 және 126 нөмірі берілген. Бұл бағыттар қала орталығы мен шалғайдағы елдімекендердің қарым-қатынасын жандандырады. Алты бағыт шалғай шағынаудандарға барады.

Мәселен, №9 маршруттың бас нүктесі «Шымситиден» басталып, «Автонұр» базарына жеткізеді. Әр автобус арасындағы – 10 минут. Ал №37 бағыт «Самал» шағынауданынан шығып, Теміржол вокзалына қатынайды. Бұл №77 бағытқа қосымша ашылған екен.

Ержан Жолдасов,Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Мынау радиалды маршрут қарасаңыз бүкіл қаланы аралайды. «Самал 3», «Қорғасын», «Ақжайық» осы жерлермен жүреді. Бұл жерде 26 график болады. Жұрттар ойлауы мүмкін 26 бір-біріне қарама-қарсы жүреді».

№57 бағыт «Қайтпас» елдімекеніне шығып, «Самал» шағынауданына жүреді. №72 маршрут болса, «Мұнайбазасы» мен «Самал» арасын жалғастырады.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «№68 маршрут «Шығыс» шағынауданынан – Гагарин көшесіне дейін. Осы шағынаудандағы азаматтар Гагарин, Қорғасын, Хамзаға дейін жете алады. Қаланың біраз жерін қамтып отыр».

Жаңа автобустар былтыр сатып алынды. Енді міне Газ құю стансасы іске қосылғанда, пайдалануға беріліп жатыр. Автобустардың ұзындығы – 10 метр. Барлығы да бірінші санатқа жатады.

Қазір Шымкентте жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Бұл 78 маршруттан тұрады. Былтыр желтоқсанда 31 бағыт іске қосылды. 4 мамырдан бері тағы 25 маршрут ашылыпты. Кешенді схема аясында барлығы 63 бағыт бойынша автобус қатынайды.

Олжас Айдарбек

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі