Түркістан облысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Бүгінде бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 17 жол картасының жобасы әзірленген.
Жастарды пайдалы әрі игі істерге бағыттау жөнінде тапсырма берген өңір басшысы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиал төрағасы Өмірзақ Шөкеев партияның сайлауалды бағдарламасының өзінде де жастарды қолдауға басымдық берілгенін атап өтті.
Түркістан облысында «Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Бұл «Nur Otan» партиясының Саяси кеңес Бюросы мәжілісінінде талқыланды. Отырыста партия филиалының төрағасы, аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдауға басымдық берілгенін алға тартты. Әрі партия мүшелерін жастарды қолдауға шақырды.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі, «Nur Otan» партиясының облыстық филиал төрағасы: «Нұр Отан» партиясы жастарға үнемі қолдау көрсетеді. Жетекші партия қолдауымен әр саладағы қабілетті мамандар үшін саяси баспалдақ қалыптасты. Оған дәлел — жыл басында өткен сайлау кезінде саяси сахнаға көптеген дарынды жастар келді. Осыған байланысты облыстағы барлық партия мүшелері «Жастар Отанға» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысуына шақырамын».
Бүгінгі таңда күнгей өңірдегі жастар саны – 505 мың. Бұл облыс халқының 26,95 пайызын құрайды. Сондай-ақ, өңірде «Jas Otan» жастар қанатының 17 филиалы жұмыс істейді. Барлығы 7 мыңнан астам партия мүшелерін біріктіріп отыр.
Ал «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша жастарға арналған 17 жол картасының жобасы әзірленіпті. Жоба аясында бірнеше іс-шаралар жоспарланып отыр дейді қоғамдық даму басқармасындағылар.
Дамир Жүнісов, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы: «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының 2020-2025 жылдарға арналған жол картасының жастарға арналған тармақтарын ескере отырып жалпы саны 416 индикатор мен 675 іс-шара жоспары енгізілді. Жобалар аясында 6400-ге жуық сарбазды маусымдық жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі, Еңбек бағдарламасы шеңберінде жұмыс орны аясында 1048 жасты жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламаларды осы бағыттағы кеңінен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, түрлі бағыттағы онлайн-офлайн марафондарын өткізу болып табылады».
Жиын соңында Өмірзақ Шөкеев партияның аудандық және қалалық филиал төрағалары мен жауапты басқарма басшыларына жастарға қатысты жол картасын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруды тапсырды. Жастарды пайдалы әрі игі істерге бағыттау керек екенін де тілге тиек етті.
Мөлдір Ибадуллаева