Шымкентте 3 педофилге химиялық кастрация жасалды

242

Шымкентте 3 педофилге химиялық кастрация жасалды. ИЧ 167/2 түзеу мекемесінде 648 сотталған азамат бар. Оның 111-і педофиль. Жазасын өтеушілер химиялық инені салу дұрыс емес деп есептейді. Себебі денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтады.

Шымкенттегі ИЧ 167/2 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан үш педофилге химиялық кастрация жасалды. Солардың бірі мына азамат. Ер кісіге жасөспірім қызды зорламақшы болды деген айып тағылған. Сөзінше, мас күйінде мектеп жасындағы 2 қызды зорламақ болған. Абырой болғанда, арам ойын іске асырмаған. Ол осы жағдайдың мүлде есінде жоқ екендігін айтады.

«Түрмеге қамалған себебім арақтың кесірінен ғой. Енді арақты ішпесем осындай болмас па еді? Шынымды айтсам да, сау жүрсем бұндайға мүлдем бармаймын. Ішсем осындай болады  менде. Мен бірақ қыздың ешқайсысына тиіспегем, қыздардың ешқайсысына.  Мен ол қыздарды білмеймін де»,-дейді жазасын өтеуші.

Химиялық кастрация ине арқылы жүзеге асады. Кейіпкеріміз 2 аптада 1 рет бұл сынақты басынан кешеді екен. Сөзінше, бұл жазаны ол ауыр деп есептейді. Сонымен қатар, ағзасына кері әсер тигізіп жатқанын алға тартты.

«15 жылға жазаға тартты, оның үстіне кастрацияны да беріп жіберді. 15 жыл берсін, не болмаса кастрацияны алып тастасын. Соның екеуінің біреуін істесін де. Бірінші кездері ауырып жүрдім, бүйрегім ауырды, аяқ-қолдарым істі. Мен оны нбастыққа айттым, одан қайран болмағаннан кейін, жүре бердім амал жоқ. Не істеймін енді, кімге барып айтам оны», дейді.

Психологтың айтуынша, химиялық кастрация сотталушылардың санасына қатты ауыр соққы беріп отыр. Өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтып, тіпті алғашында кейбіреуі өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты. Олармен үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатқандықтан, қазіргі таңда нәтиже болып отыр дейді ол.

Нұргүл Қайназарова, ИЧ 167/2 түзеу мекемесінің психологы: «Сотталған азаматқа химиялық кастрацияға сот үкімімен тағайындалған. Сол бойынша дәрілерін қабылдап жатыр. Әрине, басында оларға оңай тиген жоқ. Себебі, болашаққа деген көзқарастары өзгереді, табан астында бұл не болып жатыр деген түсініспеушілік пайда болады. Депрессиялық күйге түседі, кейбіреуі тіпті 3 сотталушының біреуі өз-өзіне қол жұмсамақшы да болды. Психологиялық сұхбаттар жүргіздік, психопрофилактикалық жұмыстар жүргіздік, жиі қабылдап отырдық. Химиялық кастрация салынып жатқан кезде жанында бірге барып, демеу болдық. Соның арқасында олар қазір өздері барып қабылдап жүр».

Қазіргі таңда химиялық кастрация тақырыбында көптеген пікірлер бар. Кейбіреулер оның мәні жоқ дейді, өйткені ол уақытша ғана реакция беретін көрінеді. Ал басқалары, керісінше, босатылғаннан кейін де сотталғандарға үнемі инъекция қажет деп санайды. Айта кетейік, ИЧ 167/2 түзеу мекемесінде бүінгі таңда 111 педофил жазасын өтеп жүр.

Әлихан Файзханов