Елімізде тұрғын үй бағасының өсуін тежеуге қатысты бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.

Сонымен қатар, құрылыс сапасын техникалық бақылау электронды форматқа көшірілмек. Қайырбек Өскенбаев баспасөз мәслихатында құрылыс саласына қатысты тағы бірнеше мәселеге тоқталды.

Елімізде тұрғын үй бағасының өсуін тежеуге қатысты бірқатар кешенді шаралар қабылданып отыр. Құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыру мақсатында Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп сала бойынша баға өсіміне болжам жасайтындығын жеткізді.

Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары елімізде қандай құрылыс материалдары бағасының өскенін және оның себебін атап өтті.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі: «Құрылыс материалдарының ішінде әсіресе цемент, арматура, кірпіш, газды бетон бағасы кенеттен өскені байқалды. Салдарынан тұрғын үйдің бағасы да өскен, ал кейде керісінше төмендегені байқалады. Құрылыс материалдары бағасының өсуі биыл да байқалады. Және баға тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша өсіп отыр. Оған себеп девальвациямен қатар пандемияның салдарынан логистика бойынша шығынды шектеу».

Қайырбек Өскенбаев құрылыс нысанының сапасына техникалық бақылау жүргізу электронды форматқа көшірілгенін айтты. Сөзінше, министрлік құрылыс саласын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі: «Бүгінде «Е-Құрылыс» атты ақпараттық жүйесі әзірленді. Аталған жүйеде барлық құжаттама электронды түрде жүзеге асырылады. Қазір барлық техникалық бақылау құрылыстық реестр, есеп тағы сол сияқты аталған жүйе арқылы электронды форматқа көшірілді».

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде тұрғын үй бағасы біршама өскен. Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігіндегілердің айтуынша, оған отандық және шетелдік құрылыс материалдары бағасымен қатар, шикізат бағасының да шарықтауы себеп болған.

Болат Сәмбетов, ҚР Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі төрағасының орынбасары: «Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл елімізде қаңтар-маусым айында жаңа салынған тұрғын үйдің бағасы 9 пайызға өскен. Ал қолданыстағы тұрғын үйдің бағасы 14 пайызға артқан. Отандық құрылыс материалдарының бағасына келсек, биыл қаңтар-мамыр айында 19 пайызға артқаны байқалды».

Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, импортқа тәуелділікті азайту және құрылыс материалдары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған құрылыс индустриясын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Сонымен қатар, 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салынбақ.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі: «Бүгінде елімізде 1 ірі, 11 орташа және 276 шағын кірпіш шығаратын кәсіпорын бар. Олар 2 түрлі кірпіш жасайды, силикат және керамикалық. Қазіргі уақытта аталған өнеркәсіптер ішкі нарықты 62 пайызға кірпішпен қамтамасыз етіп отыр. Оның үстіне былтырмен салыстырғанда биыл кірпіш өндіру көлемі 2 есеге артып отыр. Елдегі сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңында дейін елімізде кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салу жоспарланып отыр. Оның қуаты жылына 440 млн. дана кірпіш шығара алады. Сонда отандық нарықты толықтай өз өнімімізбен қамти аламыз».

Министрдің бірінші орынбасары тұрғын үйдің бағасының арзандауына қатысты болжамын айтты. Сөзінше, тұрғын үй бағасы маусым-шілде айларында тұрақтанған. Бұған дейінгі баға өсімі зейнетақы жинағын баспана алуға рұқсат етілуімен байланысты болған. Ведомства өкілі алдағы қыркүйек айында тұрғын үй бағасының төмендеуі күтіледі деп болжамдады.

Әлихан Файзханов