Түркістан облысында екпе егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

305

Түркістан облысында Ковид – 19-ға қарсы екпе егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айта кетейік, түркістандықтар екпенің отандық және ресейлік түрін салдыра алады. Ал, жақын арада «Аль Хаят» пен «Пфайзер» екпесі жеткізіледі деп күтілуде.

«Бұрында адамдардың көбі қорқатын еді. Ал қазір олар вакцина салдырып жатыр. Мен өзім ақпан айында вакцинацияландым. Міне, көріп тұрғандарыңыздай мен жұмыс істеп отырмын».

Дәрігер Раушан Төлешованың айтуынша, «вакцина қабылдаған азамат екі жылдан кейін көз жұмады» деген жалған қауесетке бүгінде халық сенбейді. Осыдан бір ай бұрын вакцинацияға күніне бірнеше ғана адам келген болса, қазір кезек көбейген. Тіпті 60 жастан асқан қариялар да бар дейді.

Бақытжан Бейсенбаев,Түркістан қаласының тұрғыны: «Кімге денсаулық қажет? Сол менің ойымша салдыру керек. Салдыруға міндетті. Біз үшін, біздің бала-шағамыз үшін бәріміз қорғануымыз керек. Өйткені бұл дүниежүзінің барлығын шарлап бара жатқан індет. Сондықтан бұл індеттен құтылудың дәл қазіргі уақыттағы бірден бір жолы ол вакцинация деп есептеймін».

Ақ халаттылар биыл да өткен жылдың жаз мезгіліндегі жағдай қайталанып жатыр дейді. Ал ауруханаға ауыр халде түсіп жатқандар екпе салдырмағандар екен.

Серік Әбдіқұлов, дәрігер: «Біз тұрғындардың вакцина алатын контингентінің 50 пайызына екпе салдық. Қазір екпе алғысы келетін адамдардың қарқыны жақсы. Бізде спутник-ви, казвак, коронавак вакциналары бар».

Ұзақ уақыт бойы «жасыл» аймақта тұрған Түркістан облысы қазір «сары» аймақта. Өңірде карантин талаптарын бұзып жатқандармен тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал кви жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып келеді, өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да бар. Осы ретте облыстың бас санитарлық дәрігері халықты карантин ережелерін сақтап, вакцина салдыруға шақырды.

Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша вакцинаның бірінші компонентін 10 тамызға дейін алу керек. Екіншісін бірінші қыркүйекке дейін алу міндеттелген. Әрине, осы вакцина егуге қарсы бірлі-жарым адамдардың түсінбеушілігі болуы мүмкін. Дегенмен де қазіргі таңда барлық тұрғындар арасында өндірістік мекемелерде, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

Қауіпті ауруды тек ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана жеңуге болады. Ал ол үшін екпе салдыру қажет. Сондықтан дәрігерлер тұрғындар өзінің және отбасының денсаулығын сақтау үшін екпе ектіру қажет дейді. Және ол үшін ұзақ ойланудың қажеті жоқ.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева