Дрон ұшыру ережелерін білесіз бе?

206

Жыл басында пилотсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың қағидаларына өзгерістер енгізілген болатын. Яғни, дронмен әуеде түсірілім жасайтындар әр ұшу кезінде арнайы мекемеден рұқсат алу қажет. Бұл ережені квадрокоптермен жұмыс жасайтындар біле ме? Рұқсатты қажет етпейтін белгілі орын да бар екен? Сонымен қатар, Шымкенттің қай жерлерінде дронды мүлде ұшыруға болмайды?

Қазіргі таңда әсерлі видео түсіру, дрон арқылы әуеден кадр түсіру сәнге айналған. Кез-келген адам квадрокоптерді сатып алып, қалағанын түсіріп жүр. Бірақ оның көбі құралды арнайы мекемеге тіркеу қажеттігін білмейді. Оған қоса жыл басында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың жаңа қағидалары бекітілді. Онда дронды тіркеуден өткізгеннен кейін қалалар мен кенттердің халық тығыз орналасқан аудандарының үстінен ұшуды орындауға рұқсат беру тәртібі бар. Яғни, әр түсіру кезінде арнайы рұқсат алу керек.

Сырым Жәнібек видео-оператор. 7 жылдан бері дронмен түсірілім жасайды. Алайда, құралын еш жерге тіркемеген, сондай-ақ ешбір рұқсатсыз түсіріп жүргенін айтады. Бірақ пилотсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың қағидаларындағы түсірілімге арнайы рұқсат алуды қолдайды. Сөзінше, кез-келген азамат машықтанбай дрон ұшырып айналаға қауіп төндіруі мүмкін.

Сырым Жәнібек, видео-оператор: «Қазір кез-келген адам бұл дронды алып әбден машықтанбай ұшыра салуы мүмкін. Сол себептен дронның GPS ұстамаған жағдайда құлайды, халық көп шоғырланған жерде келеңсіздіктер тудыруы мүмкін. Сондықтан негізі рұқсат керек. Жас та, үлкен де, кіші де алады дегендей, біреуі ұшыра алады, біреуі ұшыра алмайды. Сол үшін рұқсат керек. Бізбен бірге жұмыс істейтін балаларда рұқсат алмаған. Біз болашақта алатын боламыз».

Пилотсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың қағидаларында арнайы рұқсат салмағы 250 граммнан жоғары дрондарға сұралады. Ал, салмағы 250 граммнан аспайтын квадрокоптерлерге арнайы рұқсат қажет емес. Бірақ оның өзінің кемшіл тұстары бар.

Сырым Жәнібек, видео-оператор: «250 грамм болатын дрон сапа, түсірілім жағынан өте сапасы төмен. Желдің күші бар. Мысалыға біздің ұшырып жатқан дрон секундына 32 метр желге дейін төтеп беріп, түсіре алады. Ал, 250 граммдық дрон ондай желге төтеп бере алмайды. Екіншіден  4к рұқсат жоқ».

Сырым Жәнібек қаланың кез-келген аумағында әуеден түсірілім жасай береді. Тек белгіленген 2 жерден басқа. Аэропорт аумағы мен орталық стадион төңірегінде пилотсыз ұшу аппараты мүлдем әуеге көтерілмейді. Сонымен қатар, дендросаябақ аумағында аспанға көтерілген құралдар ұшты-күйлі жоғалып кетеді екен.

Сырым Жәнібек, видео-оператор: «Шымкент қаласы бойынша екі қызыл аймақ бар. Бірі әуежай, екіншісі Қажымұқан стадионы. Осы төңіректе біз ешқандай дрон ұшыра алмаймыз. Біздің тұрған жеріміз де негізі ұшақтың жолағы. Шымкент қаласына қону жоғарыдағы. Мынау жердегі жолақтар мұнда мүлдем ұшыруға болмайды. Программаның өзінде енгізілген. Дендросаябақтың ішінде резиденция бар. Сол жерде бізде сондай жағдайлар көп болған. Бір күнде 5 дрон бірдей жоғалған күн болған. Ол жерде арнайы дрон мен пульт арасындағы байланысты үзіп, дроныңызды кез-келген бағытқа айдайды. Дрон қуаты таусылған кезде соғысып кез-келген жерге құлауы мүмкін».

Қалалар мен елді мекендердің тығыз қоныстанған аудандарында ұшуға рұқсат 5 жылға, ұшқышсыз ұшу жүйесін қолдана отырып, әуе жұмыстарын орындауға рұқсат 1 жылға беріледі. Бұл рұқсаттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым – «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ береді. Олардың мәліметіне сенсек, әрбір ұшу алдында Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Әуе қозғалысын басқарудың аймақтық орталығынан ұшу жоспарын ұсыну арқылы әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат сұрауы тиіс. Оған мынадай құжаттар қажет.

ЖСН көрсетілген, ПҰА-ның қауіпсіз емес пайдаланылуы үшін жауапкершілікпен танысқанын растайтын еркін нысандағы өтініш, жеке куәліктің көшірмесі; белгіленген тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісілген ПҰА-ға арналған бағдарлама негізінде сыртқы пилотты бастапқы даярлау бағдарламасы бойынша оқуды сәтті аяқтағаны туралы құжаттың көшірмесі.

 

Ұшқышсыз ұшуларды рұқсатсыз орындауға болатын жерлер де бар. Егер қалалар мен елді мекендердің тығыз қоныстанған аудандарынан тыс болса және құрал жер бетінен тек 50 метр биіктікке дейін көтерілсе, рұқсаттың қажеті жоқ. Сондай-ақ, аэродром қоршауынан 5,5 шақырым алыс жерде квадрокоптерді пайдалануға болады.

Тыйым салынған, шектеу қойылған және қауіпті аймақтарда мүлде дрон ұшыруға болмайды. Егер бағынбаған жағдайда айыппұл салынып, квадрокоптерді тәркілеуге дейінгі әкімшілік жаза қолданылады.

 

Олжас Айдарбек