Шымкентте жыл басынан бері мыңнан астам бала Кви жұқтырған

138

 Шымкентте жыл басынан бері кәмелетке жасына толмаған 1000-нан астам бала коронавирус жұқтырған. Осылай деген қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов жасөспірімдердің арасында бұл процесс жеңіл өтіп жатқанын айтады.

Шымкентте жыл басынан бері 18 жасқа толмаған 1000-нан аса бала індет жұқтырған. Бірақ, ауруға қарсы жасөспірімдерде иммундық жүйе қалыптасқандықтан, олар бұл сынақты оңай еңсеріп жатқан көрінеді. Бүгінгі күнге дейін балалар арасында ауруханаға аса ауыр жағдайда ешкім түспеген. Алайда, ата-аналар балаларға індет жұқпайды екен деп бейқамдық танытпай, оларға сақтық шараларын жүргізгені жөн дейді қаланың бас дәрігері.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Мыңнан аса 18 жасқа дейінгі балалар ауырды бізде. Алайда, олардың бірі реанимацияға түсіп немесе ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатқан жоқ. Не үшін? Себебі, дельта штамы болмасын, басқа штам болсын жасөспірімдерде бұл жеңіл өтіп жатыр».

Позилов тұрғындарды дельта штамынан сақтануға шақырады. Оның қауіптілігі орасан зор екенін айтып, одан қайтыс болу ықтималдылығы жоғары деп отыр.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Дельта штамы бірінші кезекте өкпені зақымдайды. Өкпені зақымдағаннан кейін басқа органдардың бәрі зақымдалады. Органында жетіспеушілік болады.  Дельта штамы 5-6 күнде жұғады. Бұда қайтыс болуы пайызы өте жоғары».

Бүгінгі таңда қаладағы жансақтау бөлімдерінде 387 науқас ем қабылдауда. Медицина мекемелеріне ауыр халде түсіп жатқандар саны күн сайын артуда. 45 екпе салу пунктері бар. Ондағы мобильді бригадалар үздіксіз тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар өздеріне жақын кез келген емханадан екпе дозасының 4 түрінің қалағанын салдыра алады.

Әлихан Файзханов