Түркістан облысында мектептердің алдына 80-ге тарта жасанды жол белгілері орнатылды

150

Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Сейдуалиев ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес өткізілген брифингте айтып өтті.

Аталған шара Түркістан облысы Полиция департаментінің «инстаграм» және «фейсбук» ресми парақшасында өткізілді. Брифингтің тақырыбы «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» туралы болғандықтан, сұхбат Түркістан облысы бойынша кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмауға, бала қауіпсіздігі бойынша ата-ананың рөлі мен міндетіне, ондағы ескерер маңызды жайттарға арналды.

Полиция полковнигі А. Сейдуалиев өз сөзінде: «Оқу жылының басталуына аз уақыт қалды, осыған байланысты тамыз айының 1-і мен 10-ы күндері аралығында әкімшілік Полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясының қызметкерлерімен жол бойына жақын орналасқан мектептерге зерделеу жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге кемшіліктерді жою бойынша 726 ұсыныс енгізілді, жаңадан 79 орта білім беру орындары алдына жасанды жол кедергілері орнатылды. Одан бөлек балалардың жол-көлік жарақаты мәселесіне жұртшылық назарын аудару үшін «Абайлаңыз, жаяу жүргінші», «Қауіпсіз жол», «Автобус» секілді түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.

Осы тұста облыстағы барлық ата-аналарға балаларыңызды жолда қараусыз қалдырмаңыздар, оларды барынша қадағалап, үлгі болыңыздар дегім келеді. Яғни өзіңізден бастап, жол қозғалысы ережесін сақтауды дағдыға айналдырыңыздар. Бала көргенін істейтінін естен шығармайық. Еліміздің болашағы – балалар десек, сол жеткіншек ұрпақтың жолдағы қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық!»,-деп атап өтті.
Осылайша брифинг барысында облыс көлемінде атқарылып жатқан тындырымды тірліктер айтылды. Өз кезегінде желі қолданушылары да жазбаша түрде сауалдарын жолдап, көкейтесті сұрақтарына жауап алды.

Полиция мен халық арасындағы кері байланысты нығайтып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілген бұл брифинг апта сайын жалғасын табатын болады.

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі