ҰБТ: 19 талапкердің нәтижесі жойылды

55

Биыл Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде заң бұзған 19 талапкердің нәтижесі жойылған. Ұлттық тестілеу орталығы тестілеуді тапсыру кезінде анықталған заңбұзушылықтар жөнінде үнемі хабардар етіп отырады.

Бұл жерде бөгде тұлғаларды анықтау, сондай-ақ тыйым салынған заттарды алып кіруге талпыну және оларды пайдалану туралы айтылып отыр. Ереже бұзылған жағдайда, ақпарат автоматты түрде, орталық министрліктің келісімінсіз, одан әрі қарау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылады.

«ҰБТ аяқталып, гранттар тағайындалғаннан кейін де ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері талапкерлердің қатысуымен бейнежазбаларды қарайды. Бірінші кезекте, 100-ден астам балл жинаған тестіленушілердің бейнежазбалары тексеріледі. Әрі қарай басқа да жағдайлар қарастырылады. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады», — деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

Осы ретте Ұлттық тестілеу орталығы оқуға түсушілердің білім алған мектебі, оның ішінде олардың ата-аналары туралы мәліметтерді анықтамайды. Бұл ҰБТ өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілгеннен кейін екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан маңызды жұмыс.

Әлихан Файзханов