Шымкентте Ю. Гагарин көшесіндегі №14 үй тұрғындары тозығы жеткен ойын алаңына шағымданады. Айтуларынша, балалар көрші аулаға барып ойнауға мүжбүр. Сондай-ақ, тұрғындар үйді бойлай тартылған электр сымдары адамдардың өміріне қауіп төндіреді деп қорқады. Үреймен күнелтіп отырған қараша жұрттың мұңы көп…
Шымкенттегі Ю. Гагарин көшесінде орналасқан №14 тұрғын үй қабырғасындағы сымдар жергілікті жұрттың үрейін тудырып отыр. Айтуларынша, үйге келетін тоқ сымдары қалай болса солай ілінген. Кез келген уақытта жерге құлап кетуі мүмкін дейді олар.
«Көріп тұрсыздар ғой, газ құбырымен жүрген сымдар. Бұл қауіпті. Қалыпқа келтіру керек. Тұрғындар арызданған. Шынында мұнда тұру қауіпті».
Жауаптылар сымдардың бұлай салбырап тұруы уақытша дейді. Себебі тұрғын үйге келетін жер асты сымы зақымдалғанын айтады. Зақымдалған жерді бір пәсте қалыпқа келтіру мүмкін емес дейді.
Ержан Бөлегенов: «Зақымдану болған. Сөйтіп біз оны уақытша тастағанбыз. Енді соны тұрғындар айтып жатыр. Біз мынаны қалпына келтіре алмаймыз. Дәретхананың іші қалай қалыпқа келтіреміз? Ендігі жылға жаңа кабель тастаймыз».
Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін сапалы сымдар осылай тұрмақ. Бірақ электр сымдарын коммуналдық қызметкерлер үйдің қабырғасына жабыстырмай қайта тартты. Мамандардың айтуынша, ешқандай қауіп жоқ. Салбырап тұрған электр сымдары бұл тұрғын үйдің жалғыз мәселесі емес. Жұрт ауланы абаттандырып, ойын алаңын жаңартуды сұрап отыр. Амалсыздан балаларын көрші аулаға апарады екен. Бірақ онда оларды жылы қарсы алмайтын көрінеді.
Наталья Кузьмина, тұрғын: «Дұрыс орындықтар жоқ. Ал көрші аулалар сондай әдемі. Балалар көрші аулаларға барады, бірақ оларды ол жерден қуып жібереді. Біз сонда не істеуіміз керек?».
Абай ауданының әкімдігі ауланы абаттандыру мен балалар алаңшасы мәселесі келесі айдың соңында шешіледі деп сендіріп отыр. Қазіргі кезде мердігер компанияны анықтау үшін тендерлік конкурс өтуде екен.
Бауыржан Қалмұратов, Абай ауданы әкімдігінің қызметкері: «21-ші жылы 21 ойын алаңшасы аулаларға орнатылады. Елді мекендер мен аулаларға 35 спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. 21 ойын алаңшасы ішінде мынау аталған Ю. Гагарин көшесінде 14 үй бар».
Олжас Айдарбек