Жедел жәрдемге күніне 2800 қоңырау түседі

94

Шымкентте эпидахуал әлі де күрделі. Қала тұрғындары өз бетінше емделіп, ауруханаларға ауыр жағдайда жиі түсуде. Жедел жәрдем шақырушылар саны да едәуір артқан. Бұған дейін диспетчерлерге күніне 1600-1700 қоңырау түссе, қазір күніне 2800 қоңырауға дейін жетеді.

Жедел жәрдем шақыру орталығында тынымсыз қарбалас. Қоңыраулар тоқтаусыз келуде. Оларды 30 диспетчер қызметкер қабылдап отырады.

Жедел жәрдемге қоңырау шалушы әрбір екінші адамның температурасы бар. Тұрғындар ентігу мен жөтелге шағымданады, көбінесе бұл белгілер балалар мен жүкті әйелдерде жиі тіркеледі екен. Оларға жедел жәрдем бірінші кезекте жіберіледі.

Шымкентте 100 бригада бар, емханалардың жедел жәрдем қызметтері де көмектеседі. Күн сайын қоңырау шалушылардың саны көбеюде дейді диспетчерлер.

Эльмира Тасбауова, Шымкент қалалық жедел жәрдем орталығының бас маманы: «Егер бұрын колл-орталықтың диспетчерлері күніне 1600-1700 қоңырау қабылдаса, қазір 2800-ге дейін. Пневмония, ЖРВИ белгілері бар пациенттер көп қоңырау шалады. Белгілер қашан басталғанын сұраймыз. Ұзақ болғанын, өз бетімен емделгенін айтады. Тек жағдайы қиындағанда жедел жәрдемге қоңырау шалады. Егер сіз өзіңізді нашар сезінсеңіз, тіпті суықтың алғашқы белгілері болса, бізге немесе емханаға дереу хабарласыңыз».

Шымкенттің бас дәрігері қала тұрғындары өзін-өзі емдеуді әлі де жалғастыруда дейді. Бақытжан Позиловтың айтуынша, көбінесе симптомсыз немесе аурудың жеңіл түрімен ауыратын науқастарға ыстық түсіретін және антикоагулянтты таблеткалық ем тағайындалады. Бірақ көбінесе адамдар өздігінен емделіп, ауруды асқындырып алуда.

Бақытжан Позилов,Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Мысал келтіргім келеді, ер адам 6-7 тәулік бізге қарамайтын жеке клиникада емделіп жатыр, бұдан әрі ем бойынша тамырдан 13 екпе алады. Бұл не заңсыз әрекет, содан кейін ол біздің ауруханаға реанимация бөліміне түседі».

Шымкенттегі емдеу кабинеттеріне пациенттерді дәрігерлердің тағайындауынсыз қабылдауға тыйым салынды. Алайда, бәрі бірдей бұл ережеге бағына бермейді екен.

Сондай -ақ, тұрғындар емделу бөлмелеріндегі қызметтердің қымбаттауына шағымданады. Кейбіреулер препаратты тамыр арқылы 350 теңгеге салуды ұсынады, басқа емдеу бөлмелерінде ол шамамен екі есе қымбат – 600 теңге. Бұлшықет ішіне инъекция құны 300 -ден 150 теңге аралығында.

Жанерке Хумар