Шымкент: Балалардың терезеден құлауы 6 есеге көбейген

219

Шымкентте балалардың терезеден құлау фактісі өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артқан. Төтеншеліктер жазатайым оқиғаның алдын алу үшін ата-аналарды сақтық шараларын қолдануға шақырды.

Әрі оларға әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша шара қолданылатынын жеткізді. Сондай-ақ, қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері тұрғын үйлерде орын алған өрттің көбейгенін айтып дабыл қағып отыр.

«Бүгінгі таңда балалардың көп қабатты үй терезелерінен құлауы жиілеп отыр. Мәселен жыл басынан бері бір Шымкенттің өзінде 6 жағдай тіркелген. Оның үшеуі қайтыс болып, қалғаны жарақат алған. Ал бұл статистика өткен жылмен салыстырғанда алты есеге артық».

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында құрылыс басқармасына ұсыныс білдірген. Яғни, көп қабатты тұрғын үй салу барысында терезелерді ашуды шектеу құрылғыларын орнатуды сұраған. Ал бұл көрсеткіш ата-аналар үшін сабақ болуы керек дейді мамандар.

Азамат Бұлдырақов, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері: «Бұл әке-шешенің баласын қараусыз қалдыруы салдарынан болып отыр. Ол жерде маскетный сетка дейміз ғой сол ұстап қалады деген оймен балдар соған асылады. Онда ұстап тұрған кішкентай ғана пластмастар тұр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексінің 127 бабына сәйкес осы ата-аналарға шара қолдану қарастырылған».

Төтеншеліктер 2020-2021 жылдың жылыту маусымында тұрғын үйлерде 61 өрт тіркелгенін де атап өтті. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға көп дейді. Сала жауаптыларының сөзінше материалдық шығын көлемі 132 млн теңгені құраған. Сонымен қатар мегаполисте табиғи газдан уланудың 5 фактісі анықталыпты.

Әділ Оразов, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Өткен жылу беру маусымында 2020-2021 жылы тұрғын үйлерде 61 өрт тіркелген. 2 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алған. Тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу нәтижесінде жылу беру маусымында табиғи газдан уланудың 5 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам қайтыс болып (оның ішінде 2 бала), 3 адам жарақат алды. Уланудың негізгі себептері: газ құрылғыларын дұрыс емес монтаждау; газ колонкаларының улы газ шығаратын құбырлары жоқ; гофраларын дұрыс орнатылмайды».

Оқыс оқиғаның адам шығынына алып келетінін атап өткен жауаптылар қала тұрғындарын барынша қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Мөлдір Ибадуллаева