Түрік инвесторлары Арыста арнайы индустриялық аймақ құрмақ

100

Түркістан облысы Арыс қаласында ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу және өндіру үшін арнайы индустриялық аймақ құрылады. Түрік инвесторлары индустриялық аймақтағы жобаларға қызығушылық танытты.

Мәселені талқылау үшін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова түркиялық ірі инвестор – VEFAS, Trolieum, Ankara, Renk-Yol және NC GLOBAL`S инвестициялық компаниялар тобының атқарушы директоры Несип Дурсунмен кездесті.

Шаһар басшысы бұл кездесу Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған: «инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру қажет» деген тапсырмасына орай ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Президент Жолдауында білім сапасын арттыру мен ауыл шаруашылығын дамытуға, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік бағыттарын құруға ерекше назар аударғаны белгілі.

Осы мақсаттағы жобаларды бірлесе жүзеге асыруға инвесторларды қатыстыру көзделген. Кездесуге Арыс қаласы әкімдігі аппаратының қызметкерлері мен салалық бөлім басшылары қатысты.

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі