Тұрғындар мен жүргізушілерге тиімсіз қоғамдық көлік…

126

«Балаларымыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз». Осылай деген Шымкент қаласы, «Нұртас» шағынауданының тұрғындары шағым айтты. Сөзінше бұған дейін тұрақты қатынаған автобустарының сызбасы өзгерген. Нәтижесінде, тоғыз көшенің тұрғындары қоғамдық көліктен қағылып отыр.

 

Шымкент қалалық транспорт басқармасының жұмысына көңілі толмайтын «Нұртас» шағынауданының тұрғындары, балаларымызды мектепке апару мұңға айналды дейді. Бұған дейін бұл бағытта №114 номерлі автобус қатынаған екен. Алайда қауіпсіздік үшін өзгеріс енгіздік деген жауаптылар автобусты Н. Төлеметов көшесінің бойымен жүргізіпті.

Маржан, тұрғын: «Осы 9 көшенің халқы айдалаға бару керек па? Жалғыз №114 еді қарап тұрғанымыз. Қайтарсын орнына».

Трассаға шығып автобусқа міну үшін бала жолдың арғы бетіне өтуі қажет. Тұрғындар, бағдаршамы жоқ бұл жерде жоғары жылдамдықпен жүретін көліктердің тоқтауы қиын дейді.

Бұл жерден тек кішкентай балалар емес үлкендердің өтуі де өте қауіпті. Көліктер тоқтамайды. Сондықтан тұрғындар бағдаршам орнатуды сұрап отыр.

Тұрғындардың сөзінше мәселе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына талай рет айтылған. Жағдайдан хабардар екенін айтқан қос бөлім басшысы, автобустың бағыты не үшін өзгергенін түсіндірді.

Наурыз Сүгіләлиев,  Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Бірінші кезекте қауіпсіздік қамтамасыз ету үшін сызбасы өзгертілді. Бізде Гүлдала көшесінен келе жатқанда Зере деген көше бар. Сол жерде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 2 зик-зак бұрылысы бар. Ол жерде қазір жүре береді. Бірақ қыста қиын».

Сондай-ақ, мамандар №114 бағыттағы автобустардың арасы жиі, әр 15 минуттан жүретінін жеткізді. Бірақ біз, түсірілім барысында 40 минуттан кейін ғана бір қоғамдық көлікті кездестірдік. Және расында интервал қанша екенін жүргізушінің өзінен сұрадық

Ұзақ күттірген автобусттың өзі лық толы. Жолаушылардың айтуынша біршама бала сыймай қалып кеткен. Ал қалалық транспорт басқармасының өкілдері бұл тұрғындардың сұранысына сай, қауіпсіздік үшін өзгертілді деген болатын. Бірақ бұл тек халық үшін емес жүргізушіге де тиімсіз көрінеді.

Автобус жүргізушісі: «Интервал 20 минут. Бірақ қазір қалада пробка. Жалпы автобус тиімсіз, бұрынғысы жақсы еді».

Автобустың ешкімге тиімді емес екеніне көз жеткізген Наурыз Сүгіралиев халықтың жанайқайын түсінген іспетті. Бұрынғы автобусымызды қайтарсын деген тұрғындарда алдағы 1-2 күн ішінде жағдайды қалыпқа келтіреміз деді.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Басшылықпен ақылдасып, есептеп құжаттарын рәсімдеген соң 1 немесе 2 күннен кейін жүргізуге тырысамыз. Хан тәңірі көшесі және Гүлдаламен жүргізетін боламыз».

Жиналған халық арасынан №114 ші автобустың қазіргі бағыты дұрыс деген бір ғана тұрғын табылды. Ал шенеуніктер бұл қоғамдық көлікті өзгерткен соң, қазіргі жүретін жолына қосымша автобус жүргіземіз деді.

Мөлдір Ибадуллаева